×
494.63
583.22
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.63
583.22
6.42

Glencore "Қазцинктегі" үлесін алдағы апталарда сатуы мүмкін

Бүгін, 16:45
Glencore "Қазцинктегі" үлесін алдағы апталарда сатуы мүмкін
"Қазцинк"

Швейцариялық Glencore компаниясы Rio Tinto-мен бірігу жөніндегі келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін активтер портфелін қайта қарап, бірқатар үлесін сатуға кіріспек. Соның ішіндегі ең ірі әрі назар аударарлық актив – Қазақстандағы мырыш, қорғасын және алтын өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын "Қазцинктегі" 70 пайыздық үлес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Reuters агенттігінің дереккөздері бұл мәміле алдағы бірнеше апта ішінде келісіліп қалуы мүмкін екенін айтады. Сарапшылар "Қазцинк" активінің нарықтық құнын шамамен 5 млрд доллар деңгейінде бағалап отыр. Сала мамандарының пікірінше, "Қазцинк" – елдің металлургия кешеніндегі стратегиялық маңызы бар компания. Сондықтан меншік құрылымындағы ықтимал өзгеріс кәсіпорынның инвестициялық саясатына да, басқару моделіне де тікелей әсер етуі ғажап емес.

GLENCORE НЕГЕ АКТИВТЕРІН САТУҒА КӨШТІ

Сарапшылар бұл активке қызығушылықты әлемдік металл нарығындағы бағаның өсуімен және Glencore компаниясының стратегиялық басымдықтарын қайта айқындауымен байланыстырады. Компания қазіргі таңда қаржыны анағұрлым болашағы зор бағыттарға бағыттауды көздеп отыр. Атап айтқанда, Glencore энергетикалық ауысым дәуірінде сұранысы күрт артқан мыс, кобальт және никель өндірісіне басымдық беріп жатыр.

Rio Tinto-мен ықтимал бірігу жүзеге аспаған соң, компания портфелін қайта құрылымдауға кірісіп, жекелеген активтерін сатуға ден қойған. Нарық қатысушыларының бағалауынша, Glencore алдағы кезеңде бизнес құрылымын ықшамдап, инвесторлар үшін түсінікті әрі тартымды модель қалыптастыру мақсатында активтерін "тазалау" үрдісін жалғастыруы мүмкін.

КІМ САТЫП АЛУЫ МҮМКІН

Нарықтағы әңгімелерге қарағанда, "Қазцинк" активіне ықтимал үміткерлердің бірі ретінде қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің есімі аталады. Бұған қоса, қаңтар айының соңында АХҚО алаңында KazZinc Group Ltd компаниясының тіркелуі де сарапшылар назарын аударған. Бұл жайт ықтимал мәміле төңірегіндегі болжамдарды күшейте түсті.

КОНТЕКСТ

Glencore бұған дейін 2035 жылға қарай мыс өндіру көлемін шамамен екі есеге ұлғайтып, 1,6 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Сарапшылардың пайымдауынша, бейінді емес активтерді сату компанияға осы ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін қосымша капитал тартуға жол ашады.

Дегенмен "Қазцинкті" сату мәселесіне қатысты Glencore әзірше ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Серіктес жаңалықтары