×
494.66
581.87
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.66
581.87
6.43

“Құлап қалған ресейлік спортшыға жоғары ұпай берген”: желідегілер төрешіні қызметінен алып тастауды талап етуде

Бүгін, 16:55
“Құлап қалған ресейлік спортшыға жоғары ұпай берген”: желідегілер төрешіні қызметінен алып тастауды талап етуде
Ulysmedia коллажы

Милан-2026 қысқы Олимпиадасы аяқталса да, Қазақстан спортында дау-дамай жалғасуда. Еліміздің  атынан төрелік еткен Надежда Парецкаяның берген бағалары әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жанкүйерлердің күмәнін тудырды. Жел қолданушылары оның ресейлік спортшыларға жоғары, ал қазақстандықтарға төмен ұпай бергенін айтып, ресми органдардан түсіндіруді талап етіп жатыр,  деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Төрешінің бағасы

Италияда 2026 қысқы Олимпиада аяқталғаннан кейін Қазақстан спорт қоғамында жаңа дау өршіді. Қазақстан атынан төрелік еткен Надежда Парецкаяның шешімдері жанкүйерлер арасында күмән тудырып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа ұласты.

Көпшіліктің пікірінше, Парецкая ресейлік спортшы Аделия Петросянға жоғары ұпай беріп, ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушыларға төмен баға берген. Әсіресе әйелдер арасындағы еркін бағдарлама қорытындысынан кейін сын үдеп, төрешінің бағалауы жанкүйерлердің наразылығын тудырды.

Тоғыз төрешінің ішінде дәл осы Парецкая өнер көрсету кезінде құлап қалған Петросянға ең жоғары 147,04 ұпай берген. Мұндай бағамен ресейлік спортшы бағдарламада көш бастар еді. Ал Ұлыбритания өкілі Ричард Грейндж оған ең төмен 136,90 ұпай қойып, оныншы орынға лайық деп таныған. Нәтижесінде Петросян еркін бағдарламада 141,64 ұпай жинап, екі бағдарламаның қосындысы бойынша 214,53 ұпаймен жалпы есепте алтыншы орынға жайғасты.

Айта кетейік, еркін бағдарлама барысында Петросян төрт айналымдық тулупты орындау кезінде құлағанымен, өзге элементтерін таза орындап, техникалық көрсеткіштен 76,93 ұпай алды. Компоненттік бағалау 65,71 ұпай болып, финалистер арасында 12-орынға тұрақтады. Осындай жайттар Парецкаяның жоғары бағасына қатысты сұрақтардың туындауына себеп болды.

Даулы баға қазақстандық Софья Самоделкинаға да қатысты айтылды. Жанкүйерлер оның ұпайлары төмендетіліп, жарысты оныншы орынмен аяқтағанын әділетсіздік деп есептейді.
Сын ерлер бәсекесінде де жалғасты. Қысқа бағдарламада алдыңғы қатарда болған Михаил Шайдоровты Парецкая жетінші орынға қойған. Соның салдарынан спортшы еркін бағдарламада тәуекелге барып, бес секіру элементін орындауға мәжбүр болғаны айтылуда.

Әлеуметтік желілерде не айтып жатыр

Желіде “Еш жерде өзіміздің спортшылдарға жақсы баға бермеген. Ол Михаил Шайдоровтың да ұпайын төмендетті”, “Спорт және туризм министрлігі мына жағдайға неге назар аудармайды”,  “Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы ретінде Геннадай Головкин оған шара қолдануы керек», «Шетелде бұл адамды талқылап жатыр, соның кесірінен енді Қазақстаннан төрешілерді шақырмай қоятын шығар», «Шеттелсін», «Путь домой» деген бағдарлама бойынша көшіру керек Ресейге», «Қолдан келсе, қонышыңнан бас деп жоғары ұпай қоймай ма», «Үкімет кінәлі», «Орыстың мүддесін қорғайтын кезекті адам», «Қызметінен шеттетілсін», «Қазақстан атынан шығып, еліміздің масқарасын шығарды» деген сарында пікірлер жазылып жатыр. 

Надежда Парецкая туралы не белгілі 

Бұқаралық ақпарат құралдары ақпанның басында Италияда өтетін қысқы Олимпадаға Қазақстан атынан Надежда Парецкая мәнерлеп сырғанаудан төреші болып тағайындалғанын хабарлаған еді.  Ол ерлер мен әйелдер арасындағы жеке бағдарлама сайыстарын бағалайтын төрешілер тізіміне енген.

Ашық деректерге қарағанда, Надежда Парецкая Алматыда мәнерлеп сырғанау бапкері ретінде танымал. Ол 15 спортшыны ұлттық құрамаларға дайындаған, сонымен қатар оның шәкірттері халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып келеді. Сонымен қатар, Парецкая ISU деңгейіндегі халықаралық төреші болып есептеледі. 

Надежда Парецкаяға қатысты сын бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін, 2022 жылы да Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау жарысында  оның берген бағасына ата-аналар наразылық білдірген еді. Мәселен, Алматыда өткен V Спартакиададан кейін спортшы Багдана Рахишованың анасы Александра Пак жарыс қорытындысының әділдігіне күмән келтірген. Оның айтуынша, төрешілер алқасында өз шәкірттерін бағалаған жаттықтырушылар болған, сондықтан кейбір спортшыларға элементтер толық орындалмаса да жоғары ұпай берілген. Бұл жайттар жергілікті төрешілік жүйесінің ашықтығына қатысты сұрақтарды күшейткен.

Сол кезеңде ата-аналар мен спорт қауымдастығы бағалау ашықтығы, халықаралық талаптардың сақталуы және төрешілердің кәсіби жауапкершілігі мәселесін көтерген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Милан – Кортина 2026 қысқы Олимпиадасы кезіндегі дау жеке жағдай емес, қазақстандық мәнерлеп сырғанаудағы төрешілікке қатысты бұрыннан айтылып келе жатқан сынның жалғасы ретінде қабылданып отыр.

Сонымен қатар жұртшылық Олимпиадаға төреші ретінде 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева неге жіберілмегені туралы да айтып жатыр.

Түйін 

Әзірге Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитеті аталған жағдайға қатысты ресми түсінік берген жоқ. Желідегі халықтың талабы тиісті ведомсто назарынан тыс қалмайды деп сенеміз.

Серіктес жаңалықтары