Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов екі айға қамауға алынды. Бұл туралы журналист Вадим Борейко адвокат Виталий Вороновқа сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жазбаларға байланысты іс
5 наурыз күні Ержановтың он тәулікке белгіленген әкімшілік қамау мерзімі аяқталған. Алайда сол күні сот оны қайтадан қамауға алу туралы шешім шығарды. Еске салайық, қоғам белсендісі ақпанның соңында ұсталған болатын. Полиция оған қатысты сайлау құқықтарының жүзеге асуына кедергі келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бұған дейін полиция өкілдері әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат пен референдумды бойкоттауға шақырған жазбалар анықталғанын мәлімдеген. Тергеу нұсқасы бойынша, мұндай хабарламалар адамдарды жаңылыстыруы мүмкін болған. Сондай-ақ жазбаларды жариялау кезінде шетелдік байланыс нөмірлері қолданылғаны айтылған.
КОНТЕКСТ
Оразалы Ержанов Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі. Бұған дейін ол жаңа Конституция жобасын сынға алған. Атап айтқанда, жұмыс тобы мен Құрылтай құрамының легитимдігіне қатысты сұрақтар көтеріп, қазіргі жоба талқылауы неге 1993 жылғы Конституцияны дайындау кезіндегідей кең көлемде өтпей жатқанын атап өткен.