Қазақстанда бірқатар журналистер мен медиа жобалардың әлеуметтік желідегі парақшаларына жаппай шағым түсіріліп, олардың жазбалары өшіріле бастаған. Бұл туралы блогерлер мен редакциялар өздері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
JURTTYN BALASY арнасының авторы шабуыл туралы айтты
YouTube-тағы JURTTYN BALASY арнасының авторы Мұрат Данияр Instagram парақшасына белгісіз қолданушылар тарапынан жаппай шағым түсіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде соңғы бір жылда жарияланған жазбалардың басым бөлігі өшірілген, деп жазады The Village.
Даниярдың сөзінше, небәрі 10 минуттың ішінде 15 жазба жойылып кеткен.
- Instagram-дағы парақшама жаппай шағым түсіру басталды. Бар болғаны 10 минутта 15 жазбам өшірілді. Соңғы екі аптада жарияланған посттардың бәрі жоғалып кетті. Мұның мақсаты – парақшамды бұғаттау. Әдетте 3–4 шағымнан кейін аккаунт бұғатталады. Әзірге толық бұғатталған жоқ, бірақ сондай қауіп бар. Бұл мәселемен айналысып жатқан адамдарды ескертіп қойдым, – деді ол.
Сондай-ақ блогер оның жазбаларына GIORGIO ARMANI деген жалған ник қолданған аккаунт шағым түсіріп жатқанын айтты.
Әсем Жәпішеваның парақшасындағы жазбалар өшірілген
Журналист Әсем Жәпішева да Instagram-дағы жазбаларының жаппай өшірілгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Telegram арнасында жазды.
Оның айтуынша, белгісіз қолданушы Giorgio Armani деген никпен шағым түсіргеннен кейін аккаунттағы барлық жазбалар дерлік жойылған.
- Ақыры барлық жазбамды өшіріп тастады. Ештеңе қалдырмады, тіпті өлең аудармаларым да өшірілді. Бұл өмірде менің хоббимен айналысуға құқығым жоқ па? Менің инстаграмым RIP, – деп жазды журналист.
Жәпішева сондай-ақ Meta компаниясы билікке террористермен күресу үшін мүмкіндік бергенін, ал оны журналистерге қарсы қолдануға болмайтынын атап өтті.
Masa Media редакциясы да қысым туралы мәлімдеді
Masa Media редакциясы да Instagram аккаунты белгісіз адамдардың шағымдары салдарынан қайтадан өшірілгенін хабарлады. Редакция мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері мұндай жағдай екінші рет тіркеліп отыр.
Алғаш рет аккаунт қаңтар айында бұғатталған. Ол кезде редакция парақшаны бірнеше аптадан кейін қалпына келтірген.
Бұл жолы редакция болған жағдайды ашық жариялауды жөн көргенін айтты. Олар мұны басылымның бұрынғы иелеріне қарсы бағытталған мақсатты шабуыл болуы мүмкін деп есептейді.
Еске салайық, өткен жылдан бері Masa Media жобасы Самал Ибраеваның басқаруына өткен. Қазір редакцияда Әсем Гумарова, Анар Леспекова және басқа да журналистер жұмыс істейді.
Сонымен қатар редакция бұл жағдайды басылымның бұрынғы құрылтайшылары – Айсана Әшім мен Әсем Жәпішеваға қарсы әрекеттермен байланыстырады. Бұған Threads желісіндегі жалған аккаунттардан жарияланған жазбалар негіз болған.
Редакция өкілдері жағдайға алаңдаушылық білдіріп, оқырмандарды оқиғалардың әрі қарай қалай өрбитіні туралы хабардар етіп отыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, жұмыс сайтта және Telegram арнасында жалғасатынын айтты.