Алматыда суррогат ана биологиялық ата-анасы бас тартқан баладан кейін уәде етілген сыйақысын ала алмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, тапсырыс берушілер оған 7,5 млн теңге төлеуі тиіс болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
27 жастағы Кристина Гаврилюк Қытайдан келген ерлі-зайыпты үшін бала көтеруге келіскен. Эмбрионды салу процедурасы Алматыдағы клиникалардың бірінде жасалған.
Әйелдің айтуынша, жүктілік кезінде тапсырыс берушілер оған тұрақты түрде ақша аударып отырған. Ай сайын шамамен 200 мың теңге төлеп тұрған.
Алайда босану мерзімінен ерте — жүктіліктің жетінші айында болған. Шала туған ұл дүниеге келгеннен кейін, Кристинаның айтуынша, биологиялық ата-анасы баланы алудан бас тартқан.
- Кесарь тілігінен кейін баланы бірден бөлімшеге алып кетті. Кейін дәрігерлер нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтты, – дейді ол.
Алғашында биологиялық ата-анасы медициналық талдаулар жасауды талап етіп, кейін ДНҚ сараптамасын өткізуді сұраған. Тексеру нәтижесі баланың расымен солардың перзенті екенін растаған. Бірақ содан кейін олармен байланыс біртіндеп үзіліп кеткен.
Кристинаның айтуынша, бастапқыда ол куратор арқылы сөйлескен. Кейін биологиялық ана байланысқа шықпай, баланы алып кетуді сұраған.
Кристина сатушы болып жұмыс істейді және 6 жастағы қыз тәрбиелеп отыр. Бұған дейін ол екі рет суррогат ана болған және ол жағдайлардың бәрі қиындықсыз өткен. Ал бұл жолы, әйелдің айтуынша, ол уәде етілген сыйақысын ала алмай қалған.
Босанғаннан кейін Кристина жаңа туған сәбиден ресми түрде бас тартқан. Қазір нәресте сәбилер үйінде.
Әйел полицияға жүгінгенімен, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Алматы қалалық полиция департаменті бұл жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталмағанын мәлімдеді.
Кристинаға мәселені азаматтық сот арқылы шешуге кеңес берілген.
Заңгерлер не дейді?
Заңгерлердің айтуынша, Қазақстанда суррогат ана болу заңмен рұқсат етілген және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Құжатта суррогат ананың құқықтары, соның ішінде келісілген сыйақыны алу мәселесі де қарастырылған.
Құқық қорғаушылар әйелге сотқа жүгінуге кеңес береді. Сонымен қатар, биологиялық ата-аналар Қытай азаматтары болғандықтан, Қазақстандағы Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне де өтініш жасауды ұсынады.
Заңгерлердің пікірінше, ата-аналардың әрекеті ата-аналық міндеттерді орындамау ретінде қарастырылуы мүмкін, өйткені олар баланы тастап, елден кетіп қалған.
Қазіргі уақытта жаңа туған сәби дәрігерлердің бақылауында. Мамандар оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр — бала біртіндеп салмақ қосып келеді. Әзірге оның мәртебесі – ата-анасы бас тартқан бала. Нәрестенің әрі қарайғы тағдырын мемлекет шешеді.