Ауғанстан билігі Пәкістанның әуе соққысы салдарынан төрт адам қаза тауып, он бес адамның жараланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Ауғанстан билігі Пәкістанның Кабул қаласындағы «бейбіт тұрғындардың үйлеріне» соққы жасағанын хабарлады.Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 15 адам жараланған. Талибан өкілдерінің айтуынша, қаза тапқандардың арасында әйелдер мен балалар бар.
Ауған үкіметінің өкілі Забихулла Муджахид Пәкістан күштерінің Қандағар қаласына, шекарада орналасқан Пактия және Пактика провинциясы мен бірқатар аудандарға соққы жасағанын мәлімдеді.
Ал Пәкістан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөз AFP агенттігіне 13 наурызға қараған түні Ауғанстан аумағына соққы жасалғанын растады. Оның айтуынша, шабуылдардың негізгі нысанасы «Техрик-е-Талибан Пәкістан» тобының мүшелері болған. Бұл – Ауғанстандағы Талибан ұйымымен тығыз байланысы бар пәкістандық қарулы исламшыл топ.
Контекст
Пәкістан Ауғанстаннан «Техрик-е-Талибан Пәкістан» тобына қарсы шаралар қолдануды талап еткен. Кейіннен Кабулда жарылыс болып, Талибан оған Исламабадты айыптаған. Осыдан кейін шекарадағы Ауғанстан әскері Пәкістанға қарата оқ жаудырған. Қарымта ретінде Пәкістан артиллериямен атқылап, дрондармен шабуылдаған.