АҚШ-тың Ұлттық терроризмге қарсы орталығының басшысы Джо Кент қызметінен кетті. Ол бұл шешімін Иранға қарсы соғысқа келіспеуімен байланыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
BBC мәліметінше, 45 жастағы Кент ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі негізгі лауазымдардың бірін атқарып, Дональд Трамп әкімшілігінде терроризмге қарсы күресті үйлестірген. Оның кандидатурасын Сенат өткен жылдың шілдесінде бұл қызметке бекіткен еді.
Енді ол Трамп командасындағы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясына ашық қарсы шыққан ең жоғары лауазымды шенеунікке айналды. Кент өз шешімі туралы АҚШ президентіне жолдаған хатында мәлімдеді, сондай-ақ оны X әлеуметтік желісінде жариялады. Хатында ол Ақ үйді бағытын өзгертуге шақырып, Иран АҚШ үшін тікелей қауіп төндірмегенін айтты.
– 2025 жылдың маусымына дейін сіз Таяу Шығыстағы соғыстар – Америка үшін тұзақ екенін түсіндіңіз. Бұл соғыстарда еліміз өз патриоттарының қымбат өмірін жоғалтып, елдің байлығы мен өркендеуін құрбан етті, – деп жазды ол.
Кент өзінің ардагер екенін, 11 рет әскери операцияларға қатысқанын еске салды. Оның жұбайы Шеннон Кент АҚШ әскери-теңіз күштерінде криптолог қызметін атқарып, 2019 жылы Сирияда жанкештінің шабуылы кезінде қаза тапқан.
Хатында бұрынғы шенеунік сондай-ақ Израильдің кейбір өкілдері мен ықпалды журналистерді жалған ақпарат таратты деп айыптады, оның пікірінше, бұл Вашингтонның сыртқы саясатына әсер еткенін айтты.
Дональд Трамп Кенттің отставкасына Ирландия премьер-министрі Михол Мартинмен кездесуі кезінде пікір білдірді. Президент оның мәлімдемесімен танысқанын және қызметтен кетуін дұрыс шешім деп санайтынын жеткізді.
– Мен оны әрдайым жақсы адам деп есептейтінмін, бірақ қауіпсіздік мәселелерінде әлсіз деп ойлайтынмын, өте әлсіз. Оның мәлімдемесін оқығанда, кетуі дұрыс болғанын түсіндім, өйткені ол Иран қауіп төндірмеді деді. Ал Иран қауіпті, барлық ел оның қандай қауіп екенін түсінді, – деді Трамп.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт те Кенттің хатында шындыққа сәйкес келмейтін көптеген мәлімдеме бар екенін айтты.
КОНТЕКСТ
Ұлттық терроризмге қарсы орталыққа тағайындалғанға дейін Кент АҚШ Конгресіне екі рет сайлануға талпынып, бірақ сәтсіздікке ұшыраған. Оның орталық басшысы лауазымына кандидатурасын Сенат аз ғана басымдықпен бекіткен еді.