×
479.02
551.11
5.82
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
479.02
551.11
5.82

Ұлыбританияға жұмысқа жібереміз деп алдайтындар көбейген

Бүгін, 12:36
Ұлыбританияға жұмысқа жібереміз деп алдайтындар көбейген
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлыбританияға маусымдық жұмысқа баратын қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау мәселесі көтерілді. Депутат Никита Шаталов бұл бағытта азаматтардың жалақыны толық алмау, еңбекақысының төмендетілуі сияқты заңбұзушылықтарға жиі тап болатынын айтып, мұндай жағдайларда оларды қорғаудың нақты тетіктері бар ма деген сауал қойды. Сондай-ақ ол қаралып жатқан келісім аясында британ тарапымен өзара іс-қимылды күшейтіп, осындай мәселелерге жедел әрекет ету шаралары қарастырыла ма деп сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың сөзінше, жыл сайын қазақстандықтар «Маусымдық жұмысшы» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияға ауыл шаруашылығы саласына жұмысқа барады. Жұмыс ресми әрі заңды болғанымен, кей жағдайда азаматтар еңбек құқықтарының бұзылуына тап болады. Оның ішінде жалақының толық төленбеуі немесе аз төленуі сияқты мәселелер бар.

МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ

Бұл сауалға жауап берген Сыртқы істер министр Ермек Көшербаев мәселенің ауқымы бір ғана маусымдық жұмыс бағдарламасымен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан азаматтары шетелге жұмыс істеуге барған көптеген жағдайда осындай қиындықтарға кезігеді және бұл – отандық дипломатиялық мекемелер жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Министр Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыс бағдарламасы бұрыннан бар дәстүрлі жоба екенін айтты. Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның Еңбек министрлігі мен тиісті британ ведомстволары қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын қорғау және оларды дұрыс рәсімдеу мәселесіне қатысты келісімге қол қойған. Сондықтан осы келісім аясында ресми тіркеліп, заңды түрде барған азаматтардың құқығы қорғалуға тиіс.

БЕЙРЕСМИ ЖОЛМЕН БАРАТЫНДАР

Алайда министр негізгі қауіптің бейресми жолмен кететіндерге төніп тұрғанын жасырмады. Оның айтуынша, қазір әлеуметтік желілер арқылы түрлі компаниялар жұмысқа орналастыру қызметін белсенді жарнамалайды. Бірақ олардың бәрі бірдей сенімді емес. Мұндай делдалдар азаматтарға құқықтық кепілдік бермейді, көп жағдайда адамдар алаяқтардың құрбанына айналады.

Министр бұл мәселені толық тоқтату мүмкін емес екенін, бірақ мемлекеттік органдар азаматтарды барынша ескертуге тырысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ресми сайттарда да, тікелей жүгінген кезде де азаматтарға тек сенімді, өзін жақсы қырынан көрсеткен компаниялар арқылы рәсімделу ұсынылады. Тіпті табыс аздау болса да, адам құқықтық тұрғыдан қорғалғаны маңызды екені айтылды.

Сонымен қатар министр шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарға консулдық қызметтер жедел көмек көрсететінін мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай істермен елшіліктердің консулдық бөлімдері мен сол елдердегі консулдықтар айналысады. Ал Қазақстанның ондай мекемелері жоқ елдерде басқа да тетіктер қолданылады.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Министр бұл мәселенің Оңтүстік Кореяда да өзекті екенін еске салды. Оның айтуынша, Кореяда проблема тіпті ауқымдырақ, өйткені ол жақта тек маусымдық жұмысшылар емес, жалпы жұмыс іздеп баратын азаматтар көп. Қазір корей тарапымен белгілі бір уағдаластыққа қол жеткізілген, енді биыл қазақстандық жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған тиісті келісім жасалуы мүмкін.

Ал Ұлыбританияға қатысты министр жағдай біртіндеп реттелуі тиіс деп есептейді. Бірақ бұл үшін, оның айтуынша, кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмысын күшейту қажет.

Серіктес жаңалықтары