×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Барыс хоккейшілері 377 млн теңге жалақыға лайық па – министрдің жауабы

02.02.2023, 11:26
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржы министрі – үкімет басшысының орынбасары Ерұлан Жамаубаев «Барыс» хоккейшілерінің жоғары айлығы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Еске сала кетсек, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары «Барыс» хоккей клубындағы ойыншылардың жоғары айлық алуын сынап жазған еді. Журналистердің жазуынша, Никита Михаилис пен Линден Вей жыл сайын 377 миллион теңгеден алып отыр. Майкл Шапю, Энтони Луис, Джереми Бракконың жылдық айлығы 200 миллион теңгеге жуықтайды. 

Ulysmedia.kz порталының тілшісі осы шығынды орынды ма деген сұрақты Қаржы министрі – үкімет басшысының орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа қойып көрді. Алайда министрдің бұл бағытта өз позициясы бар екен.

«Сіз спортты көріп жүрсіз ғой. Чемпионаттарды, ірі ойындарды, мәселен соңғы чемпионатты көрдіңіз ғой. Месси бастаған топ мәселен. Аргентинадағы Месси өте бай клубта өнер көрсетеді. Сондықтан, мұндай мықты ойыншылардың келуі ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын спортшылар керек», - деді Жамаубаев.

Министр «әрине, шетелден жаппай спортшыларды сатып алу дұрыс деп санамайтынын, дегенмен мықты ойыншылардың болуы халықаралық тәжірибе екенін» айтады.

«Дегенмен, Қаржы министрі – үкімет басшысының орынбасары ретінде айтарым, біз кезінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен осындай клубтарды қаржыландыруға тыйым салған болатынбыз. Бөлмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдердің арамыздан шығып, ірі спортшы болуына жағдай жасау», - дейді ол.

«Сонда шығын орынды деп отырсыз ба?» деген сұраққа министр «олай деген жоқпын» деп жауап берді. 

«Шығынның бірақ өзінің аргументі бар. Біз екі жақты да тыңдауымыз керек қой. Егер «Барыс» клубында жай ойыншылар ойнайтын болса, онда клубтың керегі де жоқ. Арасында көшбасшы керек. Әрине, бірақ көрпеге қарай көсіл дейді ғой. Бүкіл ақшамызды спортшыларға жұмсамай, баланс табу керек», - деді ол.

«Осы мәселеге өзіңіз мән беріп жүрсіз бе, хабардарсыз ба?» деген сұраққа Жамаубаев «мән бергеннен кейін біз бюджет есебінен ірі қомақты ойыншыларды тартуға тыйым салдық» деп жауап берді. Алайда «Барыс» легионерлерін Мессимен салыстыру қаншалықты орынды екенін сұраған журналистерге бұдан кейінгі сұрақтарды тиісті ведомстволарға жолдауды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары