×
470.46
543.1
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.46
543.1
5.86

Шыңжаңнан шыққан «кәуапшы»: қазақ қызы Қытайды қалай мойындатты

Бүгін, 12:41
Шыңжаңнан шыққан «кәуапшы»: қазақ қызы Қытайды қалай мойындатты
Ulysmedia.kz коллажы

Күні кеше қытайлық блогер Тао Минсю ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталуы желіде қызу талқыланды. «Таутауға қараған күндерің құрысын, Қытайда миллиардтарды мойындатқан Риза Әлімжан деген актрисаны неге шақырмайды?» деп шенділерді сынға алғандар бар. 

Қазақстандықтар ел туризмінің амбассадоры болуға лайық деп есептейтін қандасымыз жайлы не белгілі? Rayza есімімен танылған актриса Қытай киноиндустриясын қалай бағындырды? Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

«КӘУАПШЫ»

Риза Әлімжан Қытай көрермендеріне Reyizha Alimjan немесе Rayza есімімен белгілі. Аспан асты елінің kazakcnr.com сайтында бірнеше жыл бұрын ол туралы көлемді мақала жарық көрді. Қазақстандықтар Қытайды мойындатқан қандасымызды сол мақала арқылы таныды.

Мақалада жазылған деректерге сүйенсек, Риза 1986 жылы 15 шілдеде Бейжің қаласында дүниеге келген. Әкесі Әлімжан Нұрғазыұлы мен анасы Зайымхан Бейжің қаласындағы орталық ұлттар баспасының қазақ редакциясында жұмыс істейді.Ерлі-зайыпты 1970 жылдары Шыңжаңнан Бейжіңге студент болып барып, жұмыс істеп, қоныстанып қалған екен.

«Риза Бейжіңде алғаш мектепке барғанда сыныптастары түр-сипаты өздерінен өзгеше, ерекше балаға жатырқап қарап, Шыңжаң өлкесінен келгенін біліп, «кәуапшы» (кәуап пісіруші) деп ат қойған. Мұны түсіне алмаған Риза анасынан себебін сұрағанда, анасы «балам, тек оқуыңды жақсы оқы, білімді, жақсы бала болсаң, елдің барлығы саған құрметпен қарайтын болады» дейді. Бұл сөз оның жігерін жанып, жан-жақты талаптануына оң әсерін тигізеді», – делінген мақалада.

МОДЕЛЬДІКТЕН БАСТАЛҒАН МАНСАП

Риза мектепте оқу үздігі болып, ән айтумен әуестенеді. 15 жасында танымал «Ruili» сән журналы ұйымдастырған байқауға қатысып жүлдегер атанады.Ол сол  басылым мұқабасына суреті басылған ең жас модель атанып қана қоймай, 3 жыл осы басылымда келісімшартпен жұмыс істейді.

Алайда Ризаны модельдіктен гөрі актерлік жол көбірек қызықтырады. Арманының жетелеуімен 2002 жылы Бейжің киноакадемиясының актерлік факультетіне оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң киноға алғашқы қадамы  «Картаңызды ашыңыз» фильмінен басталады. Одан кейін ұсыныстар бірінен соң бірі түсіп, Қытай киноиндустриясындағы өзіндік орны бар актрисаға айналады.

Қандасымыз комедиялық «Суайттар шайқасы» фильмінде, «Гаремдегі Чжуан Хуанның өмірі» телехикаясында, сондай-ақ, «Махаббат бұйрықтан аса алмайды», «Біз ғана білетін мекен», «Шындық айтылмайтын аймақ», «Қарлы даладағы әйел патша», «Қуғындау» секілді көптеген фильмдерге түскен.

ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕРІ

Актриса 2017 жылы «Қуғындау» филіміндегі рөлі үшін XX Шанхай халықаралық кино фестивалінде «БАҚ-тың назарын жиі аударған актриса» номинациясында марапатталған.

Ал 2019 жылы «Чаңандағы бір тәулік» атты телефильміндегі рөлі үшін Қытайдың Huading байқауында ең «үздік актриса» атанды.

2022 жылы Риза Әлімжан Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапаты – Flying Apsaras сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ қызы Minning Town фильміндегі рөлі үшін «Үздік актриса» аталымында топ жарды.  

Minning Town телехикаясы көрермені ең көп Қытайдағы бес телеарнада қатар көрсетіліп, жұрт өте жоғары бағалаған. Телехикаяға Қытайдың Нинся дүнген автономиялық регионының Сихайгу аймағындағы ауыл тұрғындарының кедейлікпен күресі арқау болған. Телехикаяда Риза қазымыр әкенің қатал үкіміне мойын ұсынбай, тағдырын өз қолына алған қайсар қыз Ли Шуйхуаның бейнесін сомдап, актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті еткен.

Серіктес жаңалықтары