×
470.46
543.1
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.46
543.1
5.86

Бүгінгінің Муланы: Қазақстанның таңдауы неге дәл Тао Таоға түсті

Бүгін, 14:01
Бүгінгінің Муланы: Қазақстанның таңдауы неге дәл Тао Таоға түсті
фото: gov.kz

Президент Тоқаевтың атынан ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған қытайлық блогер Тао Минсюдің желідегі танымалдығы арта түсті. Қазақстан жайлы контентімен көпшіліктің көзайымына айналған инфлюенсер елімізге қашан және қалай тап болды? Kazakh Tourism амбассадор ретінде неге дәл оны таңдады?

ЖОҒАРЫ МАРАПАТ НЕ ҮШІН БЕРІЛДІ?

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жоғары мемлекеттік марапат Қытай блогеріне Қазақстанның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін дәріптеп, екі елдің гуманитарлық байланысын күшейткені үшін берілген.

«Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деді министр инфлюенсерге марапатты табыстап тұрып.

САПАЛЫ ВИЗУАЛ, КӘСІБИ ПРОДАКШН

Блогер бұған дейін Қытайдағы бірқатар өңірлердің мәдени туризм елшісі атанған. 2025 жылдың мамыр айында оған «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесі берілді.

Тао Тао лақап атымен танылған қытайлық ару Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде келген. Осы уақыт ішінде ол Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жалпы қаралымы 1 миллиардтан асатын 100-ден астам контент жариялаған.

Тао Минсю – спорт, туризм және мәдениетті үйлестіре білетін жаңа буын digital-креаторлардың бірі. Ол 2017 жылдан бері ат спортымен айналысып, кәсіби деңгейде атқа міну мәдениетін дамытуға үлес қосқан. Ал 2020 жылдан бастап әлеуметтік желілерде саяхат, мәдениет және lifestyle бағытында контент жариялап келеді.

Қазіргі таңда оның Instagram, TikTok, Douyin, Weibo сияқты платформаларда шамамен 10 миллионға жуық жазылушысы бар. Контенті жоғары сапалы визуалмен және кәсіби продакшнымен ерекшеленеді.

ЖҮЙРІК АТ, ҚЫРАН БҮРКІТ, ҚҰМАЙ ТАЗЫ,

Блогер наурыз айында Қазақстанда бесінші мәрте келді. Алматы, Ақтау және Түркістан қалаларына арнайы барып, Амал мен Наурыз мерекелеріне қатысқан. Өзі барған қалалардың бәрінде қазақтың ұлттық киімімен видеолар түсіріп, әр өңірдің сұлу жерлерін көрсетуге тырысқан. Көз жауын алатын бейнероликтерде блогер көбіне атқа мініп, қолына қыран құсын қондырып,  тазы ит жетектеп жүреді. Оның көшпелі мәдениет пен дәстүрлерге қызығушылық танытатынын аңғармау мүмкін емес.

Соңғы жариялаған видеоларының ішінен Маңғыстаудың киелі жерлері мен таңғажайып табиғатында түсірілген бейнеролик көп көрілім жинады. «Жас Мулан» атанып кеткен блогердің видеосында Маңғыстаудың інжу-маржандары саналатын бірнеше локация қамтылған. Бозжыра шатқалы мен Боқты тауында ақ түсті құздардың үстінде еркіндік символын бейнелесе, Торышта мистикалық тастар арасында құмай тазымен серуендеп, өңірдің жұмбақ табиғатын көрсетті. Каспий теңізі жағасында қара тұлпармен шауып, Маңғыстаудың су мен шөл ұштасқан қайталанбас бейнесін ашты.

ТОҚАЕВПЕН КЕЗДЕСУ

Түркістанға сапары кезінде блогер жергілікті халықпен бірге Наурыз тойлап, президентпен кездесті.  

«Мен оған Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды дамыту үшін аянбай еңбек етуге дайын екенімді және екі халық арасындағы достықты нығайтуға өз үлесімді қосқым келетінін жеткіздім», – деді ол Тоқаевпен кездесуден кейін.

Айта кетейік, Kazakh Tourism дерегінше, 2024 жылы Қытайдан Қазақстанға келетін туристер ағыны пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда шамамен тоғыз есе артқан. Сол жылы елімізге ҚХР-дан 650 мыңнан астам турист келген, ал олардың шығыны 307 миллион теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғыдан екі есеге жуық көбейген. Сонымен қатар Қытайдан Қазақстанға әуе билеттеріне сұраныс бір жыл ішінде 86 пайызға өскен.

Серіктес жаңалықтары