×
479.82
559.9
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
479.82
559.9
6.15

Астана тұрғыны елде генетикалық материалдар ұрланатынын мәлімдеді

Астана тұрғыны елде генетикалық материалдар ұрланатынын мәлімдеді
Фото: pixabay.com

Астана тұрғыны, ғалым-физик Салтанат Садыкова экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметімен айналысатын клиникалардың генетикалық материалдарды ұрлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Жарамсыз күйге жеткізген”

Салтанаттың айтуынша, ол ана болу үшін түрлі ЭКО-клиникаларға жүгінген, алайда заңсыз әрекеттердің құрбанына айналған.

«Өкінішке қарай,  мен бірнеше ЭКО-клиниканың құрбанына айналдым. Менің ойымша, бұл саладағы заңбұзушылықтар бізде ғана емес, бүкіл әлемде  кең таралған. Бірақ маған өз елімде осындай жағдайға тап болу ең ауыр соққы болды», — дейді ол.

Салтанат Садыкова 2025 жылдың желтоқсан–қаңтар айларында Астанадағы бірнеше клиникада оның жұмыртқа жасушаларына қатысты күмәнді жағдайлар болғанын айтты. Ол кейбір жасушалардың жоғалып кеткенін, ал біреуінің әдейі жарамсыз күйге жеткізілгенін алға тартты.

«Құжаттардың жоқтығы, асығыстық – мұның бәрі күмән тудырады. Менің ойымша, бұл менің жұмыртқа жасушаларымды пайдалану үшін жасалған әрекет», — деп мәлімдеді ол.

Салтанаттың сөзінше, ол жүгінген жерлерде ешқандай ресми құжаттар рәсімделмеген және төлем жүйесі түсініксіз болған. Ол бұрын Алматыдағы клиникада болған тәжірибесін мысалға келтіріп, онда керісінше барлық қызмет тек алдын ала төлемнен кейін ғана көрсетілетінін атап өтті.

Видеодан скрин
 

Млн-даған жұмыртқа, жүздеген мың ұрық

Ғалымның пікірінше, генетикалық материалдардың жоғалуы — сыбайлас жемқорлық болып саналады.

 «ЭКО клиникаларында пациенттердің генетикалық материалын ұрлау туралы да көптеген жазбаларды кездестіруге болады. Мұндай ауыр қылмыстар жаппай және бақылаусыз сипатқа ие болып отыр. Бұл медицина бизнесіндегі өте табысты сала, сондықтан мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлық болып саналады. Менің бағалауымша, ҚР аумағында ЭКО саласының пайда болуынан бастап, әйелдерден шамамен 2–4 миллион жұмыртқа жасушасы және жүздеген мың донор сперматозоид “ұрланған” болуы мүмкін», — дейді Салтанат.

Салтанат әлеуметтік желіде осыған қатысты Ресейде орын алған мәселемен бөлісіп, пост жазған. 

Ресейдегі дау

Постта «Росюрконсалтинг» компаниясының заңгері және тең иесі Константин Свитнев 2020 жылы суррогат аналар арқылы балалар саудасына қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі күдікті ретінде халықаралық іздеуге жарияланғаны туралы айтылады. 

Мәскеудің Басман соты оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Ашық деректерге сәйкес, ол басқаратын агенттік қызметін көбіне жалғызбасты әкелер пайдаланған.

Оның пікірінше, бұл саладағы кейбір ұйымдар жоғары деңгейдегі қолдауға ие болуы мүмкін, сондықтан құқық қорғау органдары тарапынан тиісті бақылау жеткіліксіз.

Қауіпті эскперимент

Сондай-ақ, Салтанат Садыкова халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқан кейбір эксперименттік әдістерге алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, белгілі шетел ғалымдарының қатысуымен жүргізілетін тәжірибелер бар.

- «Олар анасының жұмыртқа жасушасын, жас донордың жасушасын және күйеуінің сперматозоидын пайдаланады. Мен мұны “үш ата-анасы бар бала” деп атаймын. Бұл мен үшін өте қауіпті тәжірибе», — дейді ол.

Ғалым мұндай әдістер кей елдерде рұқсат етілгенімен, олардың салдары толық зерттелмегенін алға тартты.

- «Мұндай қылмыстар елдердің ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Біз билік өкілдерінен осы мәселеге назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды талап етеміз», — деп атап өтті ол.

Салтанат Садыкова бұл мәселенің тек бір адамның шағымымен шектелмейтінін, репродуктивті медицина саласында ашықтық пен бақылауды күшейту қажеттігін айтады.

- «Мен адамдар бұл туралы білсе екен деймін. Өйткені бұл өте қорқынышты. Біз, шын мәнінде, қорғалмағанбыз», — деді Салтанат.

Қазіргі уақытта аталған айыптауларға қатысты ресми органдар мен Салтанат зардап шеккен клиникалар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.

Серіктес жаңалықтары