×
473.13
554.08
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.13
554.08
6.13

Батыста киіктер жаппай неден қырылды?

Бүгін, 15:21
Батыста киіктер жаппай  неден қырылды?
Фото: Олег Першин

Батыс Қазақстан облысында киік популяциясын әуеден санау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Киік саны – 2,3 млн 

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, киіктердің Орал популяциясының саны 2,3 млн басты құрады. Сонымен қатар, мамандар жануарлардың қырылуын табиғи процесс деп есептейді. Әсіресе, қысқы аяздан кейін киіктер суыққа, азық тапшылығына және арықтауына байланысты әлсірейді. Мәселен, жыл басынан бері «Охотзоопром», «Бөкейорда» резерваты, ветеринариялық қызмет және полиция қызметкерлері 1 646 киік өлексесін жойған.

Киік саны қалай реттеледі? 

Үкімет қаулысымен 2025 жылдан бері киіктердің санын реттеу шаралары жүргізілуде. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша табиғи ортадан 108 мыңнан астам жануар алынды. Киіктердің санын реттеу – популяцияның шектен тыс өсіп кетпеуін және ауыл шаруашылығына зиян келтірмеуін қадағалайтын мемлекеттік деңгейдегі маңызды шара.

Айта кету керек, киіктердің санын реттеу өздігінен жүрмейді. Ол үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғылыми институттардың ұсыныстары негізінде арнайы шешім шығарады. Ғалымдар киіктің санын, жайылымдық жерлердің сыйымдылығын және фермерлердің шағымын ескере отырып, қанша басты азайту керектігін есептейді.

Киік мүйізі неге сатылады? 

Биыл сәуірден бастап Қазақстан киік мүйізін сатуды қайта бастауға ниетті. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Алматыдағы арнайы қоймада шамамен 20 тонна киік мүйізі жиналған.

-Киік санын реттеу кезінде мүйіздер кесіліп алынады. Олар қабылдау пункттерінде және жергілікті әкімдіктерде ақпараттық жүйеге енгізіліп, арнайы таңбаланады. Кейін күзетпен Алматыға жеткізіледі. Мұнда арнайы салқындатқыш қоймалар бар. Онда белгілі бір температура мен ылғалдылық режимі сақталады. Әр мүйіздің жеке нөмірі бар және бәрі тіркеуде тұр, – деді Ерлан Нысанбаев.

Айта кету керек, киік мүйізі – браконьерлердің басты нысанасына айналған ең құнды ресурс. Осы саладағы тәртіпті күшейту үшін Қазақстан Бонн конвенциясына қосылып, 2016 жылдан бері киік мүйізін сатуға нөлдік квота енгізген еді.

Серіктес жаңалықтары