×
474.9
555.3
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.9
555.3
6.24

"Бәрі қорқады": Виктория Боня Путинге үндеу жасады

Бүгін, 13:23
"Бәрі қорқады": Виктория Боня Путинге үндеу жасады
Фото: DR

Ресейлік тележүргізушісі, әрі блогер Виктория Боня президент Владимир Путинге арнап әлеуметтік желіде 18 минуттық үндеу жариялады. Ол билік пен халық арасындағы алшақтық, ақпараттың бұрмалануы және елдегі бірқатар өзекті мәселелер туралы ашық айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Боня үндеуінде «халық атынан сөйлейтінін» айтты. Ол ел президенттен қорқатынын, блогерлерден бастап шенеуніктерге дейін еркін пікір білдіре алмайтынын жеткізді. 

Блогердің пікірінше, мемлекет басшысына жететін ақпарат шынайы жағдайды толық көрсетпейді. 

- «Сіз көп нәрсені білмейсіз… үстеліңізге жететін мәліметтердің шынайы жағдаймен сәйкес келмейтінін айтқым келеді», - дейді Виктория Боня. 

Дағыстан. Жігіттер отанға қызмет ету үшін, үйлерін тастап кетті

Блогер жақында Дағыстан аймағында болған су тасқыны кезінде мемлекеттік қолдау болмағанын сынға алды.

Оның айтуынша, апат салдарынан адамдар үйлерінен, мүлкінен айырылып, адам мен мал шығыны болған. Әлеуметтік желідегілер жағдайды көріп, қолдан келгенше көмектесуге тырысқан. 

- «Бірақ неге 24–48 сағатта, тіпті 72 сағатта да ешқандай көмек болмады? Неге тек 10 күннен кейін ғана бұл туралы айтыла бастады? Неге мұндай апат кезінде дер кезінде әрекет жасалмайды? Ол жақтағы жігіттер Отанға қызмет ету үшін үйлерін, аналарын тастап кеткен. Мемлекет оларды қорғауы керек. Меніңше, бұл өте дұрыс емес», - деді ол.

Анападағы экологиялық ахуал

Келесі мәселе ретінде блогер Анападағы экологиялық ахуалды көтерді. 

Боняның анасы сол жерде тұрады. Айтуынша, қалада мазут төгілуі жиі қайталанып, жағдай ресми орындарда айтылып жүргендей жақсы емес. 

- «Қазір адамдар құстарды өз қолдарымен жуып жатыр, мазутты да өз қолдарымен жинап жүр. Өткен жылы да мазут төгілген кезде, губернаторлар шамамен бір аптадан кейін ғана келген — нақты есімде жоқ, бес күн бе, әлде бір апта ма, бірақ сол шамада. Мен сол жағдайды өте мұқият бақыладым. Анапа жақта мазут жайылып кеткен, жануарлар қырылып жатыр», - деді ол. 

Новосибирскте тұрғындардың малдарын тартып алып жатыр

Сондай-ақ, ол Новосибирск өңірінде фермерлерге қатысты жағдайды да сөз етті. Онда кейбір тұрғындардың малын тартып алу фактілері болғанын айтты. 

- «Мен бұл жайлы бұрын айтпаған едім. Бірақ бір видео да әжей тізерлеп отырып қалады, өйткені оның жалғыз сиырын алып кеткен. Мен ауылда өстім, ауыл үшін сиырдың қандай маңызды екенін жақсы білемін. Ол — сүт, қаймақ, ірімшік, көршілерге берілетін азық, күн көрудің бір жолы, нан сатып алудың мүмкіндігі. Бұл — фермерлердің өмірінің маңызды бөлігі», – деді Виктория Боня. 

Блогер ірі корпорациялардың ықпалы артып бара жатқанын да сынға алды. Ол «Мираторг» сияқты компаниялардың еркін сауда жасай алатынын, ал қарапайым фермерлердің мүмкіндігі шектеулі екенін айтты.

Бизнес бұғаттаулы

Әлеуметтік желілерге қойылған шектеулерге де тоқталған Боня Instagram-ның шағын бизнес үшін маңызын атап өтті.

- «Инстаграм — адамдарға бір-бірін көруге, сөйлесуге, бір нәрсе сатып алуға мүмкіндік беретін алаң», – деді Боня. 

Оның пікірінше, платформаның шектелуі кәсіпкерлерге кері әсер етіп отыр.

Боня маркетплейстердің күшеюі мен жаңа ережелердің енгізілуі кәсіпкерлерге ауыр соққы болып отырғанын атап өтті. Әсіресе «Честный знак» жүйесінің күрделілігіне тоқталды.

- «Әрине, біз бәрінің әділ болғанын қалаймыз… бірақ оны енгізу өте қиын, қалай жасау керектігін ешкім нақты білмейді», – деді блогер.

Оның пікірінше, мұндай өзгерістер шағын және орта бизнестің жабылуына әкеліп жатыр.

- «Бизнес жабылып жатыр: шағын бизнес те, орта бизнес те… адамдар ақшасынан айырылып жатыр», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар,  платформа тек ойын-сауық емес, адамдарға табыс табуға, өз өнімін жарнамалауға және бір-бірімен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды құрал деп түсіндірді Виктория Боня. 

Елден көшу 

Қазіргі жағдайда сауда саласы да қиындыққа тап болған. Ол сауда орталықтарындағы бос қалған дүкендерді мысалға келтірді.

- «Сауда орталықтарында дүкендердің жартысы жоқ, бос тұр. Бұл адамдар жоқ болғандықтан емес — адамдар жеткілікті. Бірақ дүкендердің өзі жоқ», – деді Боня.

Сондай-ақ  ел ішінде көшуге қатысты сұраныстың артқанын айтты. Викторияның сөзінше, азаматтар шетелге кету жолдарын іздеуде, соның ішінде Самарқанд пен Минск бағыттары жиі қарастырылып жатыр.

Боня  сөз соңында бұл үндеуге жоғары жақтағылар құлақ асатынына үміттенетінін, айтылған ойлар өзгеріске түрткі боларына сенетінін жеткізді. 

Бейнежазба астындағы пікірлерде Виктория Боня-ны бірқатар танымал тұлғалар қолдаған. Публикацияны 6 миллионнан астам адам көріп, шамамен 15 мың пікір және дәл сонша репост жинаған. Қазіргі уақытта Боняның Instagram парақшасында 13 миллионға жуық оқырманы бар.

Виктория Боня — ресейлік тележүргізуші, модель, блогер және актриса. Ол ойын-сауық бағытындағы телебағдарламалар арқылы танымал болған. 2011 жылдан бері Монакода тұрады, Мәскеуге тек жұмыс сапарымен келіп кетеді.

Серіктес жаңалықтары