Қазақстандық мобилограф әрі трэвел-блогер Дастан Мұхамедрахим халықаралық форумға әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бірге қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Форумда Зендея, Моссери, Mega American да жүр
Дастанның айтуынша, ол Threads әлеуметтік желісі ұйымдастырған форумның арнайы қонағы болған. Шараға әлемдік деңгейдегі жұлдыздар да жиналды. Жиын аясында америкалық кәсіпкер, Instagram әлеуметтік желісінің бас директоры Адам Моссеримен кездескен.

Бұл туралы мобилограф әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Ол өзге де жұлдызды қатысушылармен бірге қонақ ретінде шақыртылғанын мәлімдеді. Олардың арасында танымал америкалық актриса Зендея да бар.
Сонымен қатар, шараға Mega American деген атпен танымал, Instagram-да 7,5 миллионнан астам оқырманы бар танымал трэвел-инфлюенсер Джошуа Платильеро да қатысты.

«Әлемдегі ең үздік трэвел-блогер»
Бұған дейін Дастан Мұхамедрахим Канн кинофестивалі аясында Францияда өтетін WIBA Awards марапаттау рәсіміне шақырту алғанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, ресми хатта ол «әлемдегі ең үздік трэвел-блогер» деп аталған. Салтанатты марапаттау рәсімі 22 мамырға жоспарланған.
«Бұйырса, әлемдік деңгейдегі ұсыныстар түседі. Жақында жақсы жаңалықтар болады», – деп жазды блогер.
Дастан Мұхамедрахимнің контентіне деген қызығушылық тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де артып келеді. Былтыр оның видеолары Instagram-ның ресми парақшасында жарияланды.
Ал жақында Дастан Мұхамедрахимнің кезекті ролигі Instagram желісін «жарды». Небәрі екі күннің ішінде видео 12,4 миллионнан астам қаралым жинаған.