×
474.08
558.28
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.08
558.28
6.26

Қазақстанда бір жылда кәмелетке толмаған 600-ден астам қыз тұрмысқа шыққан

Бүгін, 13:53
Қазақстанда бір жылда кәмелетке толмаған 600-ден астам қыз тұрмысқа шыққан
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында некеге тұру және ерте жүктілік мәселесі әлі де өзекті. Жасөспірімдердің жүкті болу деректері әсіресе елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде жиі тіркеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ranking.kz дерегіне сүйенсек, жасөспірім қыздар арасындағы босану деректері жөнінен Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облысы өңірлері көш бастап тұр.

2025 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде 15–19 жас аралығындағы әр 1000 қыздың шамамен 13-і (12,96) ана атанған. Қала мен ауыл арасында айтарлықтай айырмашылық бар: қалалық жерде әр мың қыздың 10-ы босанса, ауылдық жерде бұл көрсеткіш 16–17-ге дейін жетеді.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ АНТИРЕКОРД

Жасөспірімдер арасындағы босану көрсеткіші:

  • Жамбыл облысында – 1000 қызға шаққанда 20 жағдай;
  • Маңғыстау облысында – 19 жағдай;
  • Түркістан облысында – 18-19 жағдай тіркеледі.

ӘЛЕМДЕГІ АХУАЛ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, табысы төмен және орташа елдерде жыл сайын 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Мамандардың айтуынша, 15–19 жас аралығындағы қыздардың өліміне жиі себеп болатын факторлардың бірі – ерте жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар.

ЕРТЕ НЕКЕГЕ ТҰРУ

Қазақстанда ерте некеге тұру көрсеткіші де алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. 2024 жылы елде 123,6 мың неке тіркелген.

Оның ішінде:

  • 616 кәмелетке толмаған қыз тұрмысқа шыққан,
  • 18–19 жастағы 16,8 мың бойжеткен некеге отырған.

Ал ер балалар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: небәрі 64 кәмелетке толмаған жасөспірім некеге тұрған.

Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған 2 қыз және 18–19 жастағы 80 бойжеткен ажырасып, қайта тұрмыс құрған. Ер адамдар арасында қайта некеге тұру көрсеткіші небәрі 7 адамды құрады.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Мамандардың пікірінше, жасөспірім қыздардың ерте тұрмысқа шығуы мен босану көрсеткішінің жоғары болуы көбіне олардың өздерінен әлдеқайда үлкен ер адамдармен некеге тұруымен немесе түрлі қысым мен зорлық-зомбылыққа тап болуымен байланысты.

Жалпы алғанда, ерте жаста ана атану фактілері ең көп тіркелетін өңірлерде алғашқы некеге тұру жасы да төмен болып отыр. Бұл қатарға тағы да Түркістан облысы, Жамбыл облысы және Маңғыстау облысы кіреді.

Серіктес жаңалықтары