Атырау облысында бұрынғы әйелінің отбасын өлтірген Сұлтан Сәрсемалиев колонияға этаппен жеткізілді. Алайда ол атышулы «Қара бүркітке» емес, Жезқазғандағы №62 мекемеге жіберілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сотталған Сәрсемалиев 19 қыркүйекте этаппен жеткізілді. Үкім оған бұған дейін, 14 шілдеде шығарылған.
Сот оны төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен бірге өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Сәрсемалиев сот шешіміне шағым түсірмеген. 3 қыркүйекте үкім заңды күшіне енді.
№62 колония Жезқазғанның өндірістік аймағында орналасқан және Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайды.
Бұған дейін бұл мекеме аралас қауіпсіздік режимінде жұмыс істеген. Алайда 2026 жылы оны қайта бейімдеу басталды.
ҚАЖД мәліметінше, елде өмір бойына сотталғандарға арналған қосымша орын қажет.
Қазір колонияда жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Белгілі бір мерзімге сотталғандар біртіндеп басқа мекемелерге ауыстырылып жатыр.
№62 мекемеде қазір қанша адам отырғаны және оған тағы кімдердің жеткізілгені туралы ҚАЖД ақпарат бермейді.
«Қара бүркіт»
«Қара бүркіт» – Қазақстанда тек өмір бойына сотталғандар мен аса қауіпті қылмыскерлерге арналған жалғыз түрме.
Ресми атауы – №39 мекеме. Ол Жітіқарадан оңтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан.
Колония 1961 жылы ашылған және қатаң режимімен белгілі.
Мұнда «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 қызметтесін өлтірген Владислав Челах, Алматыда теракт жасаған Руслан Күлекбаев, сондай-ақ, Атырау тұрғыны Яна Легкодимованы өлтіргені үшін сотталған Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов жазасын өтеп жатыр.
Сәрсемалиевтің ісі
Сұлтан Сәрсемалиев бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасын өлтірген.
Алғашқы құрбан оның ағасы Наурыз болды. 2025 жылғы 14 мамырда ол отбасылық жанжал туралы сөйлесу үшін Сәрсемалиевке барған. Сөзге келіп қалған кезде Сәрсемалиев пышақ алып, оған бірнеше рет соққы жасаған. Кейін мәйітті үйдің маңына көміп тастаған. Одан кейін ол ешкім күмәнданбас үшін марқұмның телефонынан туыстарына хабарламалар жаза бастаған. Сондай-ақ, марқұмның банк қосымшалары арқылы оның атына несие рәсімдеген.
2025 жылдың күзінде ол Ақбаянның ата-анасы тұратын Жангелдин ауылына барған. Сол жерде қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Насіп Өтешқалиеваны өлтіріп, мәйіттерін қораның еденінің астына көміп тастаған.
Соңғы құрбаны Ақбаянның III топтағы мүгедектігі бар әпкесі Мирамгүл болды. Сәрсемалиев оны Атырауға алып барып өлтірген.
Бірнеше ай бойы ол қаза болғандардың телефондары мен банк шоттарын пайдаланып, олардың тірі жүргендей кейіп танытқан. Олардың атына жалпы сомасы 4 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген.
Қылмыстардан кейін Сәрсемалиев жұбайымен бірге Индонезияға кеткен. Ол жақта Интерполдың көмегімен ұсталып, Қазақстанға қайтарылған.
Сот оны адам өлтірумен қатар алаяқтық, ұрлық, мал ұрлығы және құжаттарды жасыру баптары бойынша да кінәлі деп таныды.
Контекст
Бұған дейін Ulysmedia.kz сот процесінің барысын егжей-тегжейлі жазған. Сот отырыстарында Сәрсемалиев өзін сабырлы ұстап, кей кездері жымиып, күліп отырған.
Ол тек бір рет - сот залында әкесін көргенде эмоциясын жасыра алмаған.
Сәрсемалиев Наурызды әдейі өлтірмегенін, өзін қорғағанын айтқан. Алайда сот бұл уәжге сенбеді.