Түркияда бесінші Анталия дипломатиялық форумы басталды. Бұл алаң – жай ғана жоғары деңгейдегі декларативті кездесу емес, ашық диалог пен ымыра іздейтін кеңістік.
Қазақстан Президенті форумға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның жеке шақыруымен қатысып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көшбасшылар панельдік сессиясы аясында сөз сөйлейді деп күтілуде.
Ulysmedia.kz алдағы үш күнде Анталияда қандай мәселелер талқылануы мүмкін екенін сараптап көрді.
Бесінші Анталия дипломатиялық форумы (ADF) Түркияның Анталия қаласында өтіп жатыр. Биылғы форумның ұраны – «Болашақты жобалау, белгісіздіктерді басқару». Бұл тақырып кездейсоқ таңдалмаған.
Әлем қазір дәстүрлі дипломатиялық тетіктер мен институттар тиімділігін жоғалтып, әскери, климаттық, энергетикалық және техногендік дағдарыстар бірінен соң бірі жалғасып жатқан кезеңге қадам басты. Мұндай жағдайда елдер арасындағы диалог пен жаңа ортақ келісім нүктелерін табу аса маңызды.
Түркі, еуразиялық, исламдық және жаһандық кеңістікте ықпалы артып келе жатқан Қазақстан үшін бұл форумға қатысу – сыртқы саясаттағы маңызды әрі заңды қадам.
Өңірлік күн тәртібі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталияға шақырылған 25 мемлекет және үкімет басшысының бірі. Ол бұл алаңда тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мүддесін таныстырып отыр.
Халықаралық сарапшылар соңғы уақытта Орталық Азияның біртұтас өңір ретінде жаһандық күн тәртібіндегі рөлінің артып келе жатқанын жиі атап жүр. Аймақ елдері логистика мен экология бағытында бірлескен жобаларды дамытып, ауыл шаруашылығы секілді салаларда да ынтымақтастықты күшейтіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумдағы негізгі көшбасшылар сессиясының басты спикерлерінің бірі ретінде белгіленген. Панельдік пікірталас барысында мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйым жетекшілері болашақты жоспарлау мен белгісіздіктерді басқарудың жолдарын талқылайды.
Сарапшылардың айтуынша, форум аясында Президент Орталық Азия мен Еуропа арасындағы ықпалдастықты түркі әлемі арқылы тереңдету мәселесін де көтеруі мүмкін.
Анталия дипломатиясы не үшін қажет?
Соңғы жылдары Анталия дипломатиялық форумы халықаралық келіссөздер жүргізілетін маңызды алаңдардың біріне айналды.
Алғашқы форум 2021 жылы өтіп, оған 11 мемлекет және үкімет басшысы қатысты. Кейінгі жылдары қатысушылар саны артты: ADF-2025-ке 21 көшбасшы келсе, 2026 жылы олардың саны 25-ке жетті.
Алғашқы форум пандемиядан кейін ұйымдастырылып, қатысушылар жаһандық оқшауланудан кейінгі ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін іздеді. Екінші форумда Украина мен Ресей өкілдері әскери қақтығыс басталғаннан кейін алғаш рет диалог жүргізді.
2023 жылы Түркияда болған ірі жер сілкіністеріне байланысты форум өтпей қалды. Алайда 2024 жылы ол қайта жанданып, әлемдік көшбасшыларды дипломатияның дағдарыс кезеңіндегі рөлін талқылау үшін жинады.
Әлемнің түрлі өңірлерінде – Азияда, Африкада, Еуропада және Таяу Шығыста әскери қақтығыстар жалғасып жатқан жағдайда, форум қарама-қайшы позициядағы тараптарға келіссөз үстелінде ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
ADF тек пікірталас алаңы ғана емес, сонымен қатар екіжақты және көпжақты байланыстар, саяси консультациялар мен бейресми дипломатия үшін тиімді платформаға айналды.
2025 жылғы форум «Бөлшектенген әлемде дипломатияның оралуы» тақырыбымен өтті. Ал 2026 жылғы форумның басты сұрағы – жаңа дағдарыстар жағдайында елдер ортақ шешімдерге қалай келе алады?