Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайтын мемлекеттік комиссия құрылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, комиссия құрамына тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары, Құрылтай мен мәслихат депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, еріктілер мен журналистер кіреді.
28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қолға алынатынын мәлімдеген еді.
Бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі инфрақұрылымды кең көлемде жаңарту көзделген.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
Алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны мен білім беру, спорт және мәдениет салаларына арналған 50-ге жуық ғимарат салу көзделген.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында жолдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылып, сумен және газбен қамту жүйелері дамытылады.