Елордалық дәрігерлер үш баланың өмірін қиған пәтер өртінен аман қалған 39 жастағы келіншектің қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕДІ?
Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы әлі де ауыр деп бағаланғанымен, медицина мамандары қандай да бір теріс динамиканың жоқтығын және науқастың есін білетінін айтады.
Қазіргі уақытта науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оның тыныс алу жолдары зақымдалғандықтан, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер жүрек соғысы мен қан қысымының қалыпты екенін, алайда күйік жарақаты мен улану салдарынан емдеу процесінің күрделі екенін алға тартады.
Жағдайы ауыр, тұрақты, теріс динамика байқалмайды. Жағдайының ауырлығы күйік ауруымен, тыныс алу жолдарының зақымдануымен және интоксикациямен байланысты. Қазіргі уақытта науқас есін біледі, командаларға жауап береді. Барлық медикаментозды қолдау көрсетіліп жатыр. Тыныс алуы жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз етілген. Жүрек жұмысы мен артериялық қысымы тұрақты, – дейді дәрігер-травматолог Марат Сабыров.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Олардың мәліметінше, пәтерде жалын қатты өршіп, жанған.
Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылды, – деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Күйеуі көшеде жылап тұрды»: өрт шыққан кешен тұрғындары оқиғаның мән-жайын айтты
Үш баланы жалмаған өрт: құтқарушылардың жолын бөгеген жүргізуші жазаланды
ӨРТ НЕДЕН ШЫҚТЫ?
Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.
Өрт толық сөндірілді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Сондай-ақ әкімдік мәліметінше, зардап шеккен әйелге және қаза тапқан балалардың отбасына қажетті жан-жақты көмек көрсетіледі. Жағдай ерекше бақылауда, – делінген хабарламада.