Кір жуғыш машинада мысықтың өлгені туралы бейнежазба жариялаған әйелге айыппұл салынды. Абай облысының полиция департаменті тексеру жүргізіп, жануар иесін әкімшілік жауапкершілікке тартқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға алғаш рет Threads желісінде резонанс тудырды. Желі қолданушысы құқық қорғау органдарын жағдайды тексеруге шақырып, үндеу жариялаған. Жазбада алдымен баланың мысықты мұздатқышқа, кейін ыстық режимде қосылған кір жуғыш машинаға салғаны айтылған. Автор жарияланған кадрларға сүйене отырып, балалардың бақылаусыз қалғанына назар аударған.
«Оның реакциясына қарап, болған жағдайға бейжай қарағандай әсер қалдырады. Бұл “контент” емес. Мұны тексеру қажет», – деп жазды желі қолданушысы.
Осыдан кейін желіде жануар иесін жазалауды талап еткендер көбейді.
Абай облысы полиция департаменті Семей тұрғынының шынымен де әлеуметтік желіде кір жуғыш машинада мысықтың өлімі туралы видео жариялағанын растады.
«Тексеру барысында бұл жағдайдың абайсызда болғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.
Жануар иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК (43 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл төлейтін болды.