×
464.73
546.57
6.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.73
546.57
6.19

Исламабадтың өтінуі, Трамптың «жеңілуі»: АҚШ Иранмен бітімді ұзартты

Бүгін, 08:01
Исламабадтың өтінуі, Трамптың «жеңілуі»: АҚШ Иранмен бітімді ұзартты
фото: vesti.az

Иран Пәкістанда 22 сәуірде өтуі тиіс болған АҚШ-пен келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан бас тартты. Ал Трамп бұған дейінгі қысымы мен құқайына қарамастан Тегеранмен арадағы бітімді ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЕГЕРАННЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Тегеран пәкістандық делдал арқылы америкалық тарапқа Исламабадта өтетін кездесуге қатыспайтынын жеткізген.

Tasnim агенттігінің жазуынша, Иран бұл шешімін Вашингтонның тым қатаң талаптары мен келісім шарттарын бұзуымен түсіндіріп отыр. Тегеран бұл келіссөздерден еш нәтиже күтпейді және оларды «уақытты босқа өткізу» деп бағалайды.

Иран басшылығы мұндай шешімге АҚШ-тың атысты тоқтату режимін бұзуы және бітімге қатысты шамадан тыс талаптар қоюы себеп болғанын айтады.

ТРАМПТЫҢ ШЕШІМІ

Иран келіссөзге келмесе «бұрын көрмеген қиындықтарға тап болады» деп қоқан-лоқы көрсеткен Трамп Тегеранның мәлімдемесінен кейін шабуылға кірісіп кетер деп күткендердің болжамы дәл келмеді.

Ақ үй басшысы Иранға жоспарланған шабуыл Пәкістанның өтінішімен кейінге шегерілгенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Тегеранға келіссөзге арналған ортақ ұсыныс әзірлеуге уақыт бермек. Алайда АҚШ қысымды бәсеңдетпейді: иран порттарына қойылған блокада сақталады, ал әскери күштер толық дайындық күйінде қалады.

– Иран үкіметінде айтарлықтай алауыздық бар, бұл, әрине, таңғаларлық нәрсе емес. Пәкістанның фельдмаршалы Асим Мунир мен премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтініші бойынша біз Иранға қарсы шабуылды олардың басшылығы мен өкілдері бірыңғай ұсыныс дайындағанға дейін кейінге қалдыруға келістік. Осыған байланысты әскерилерге блокаданы жалғастырып, толық дайындықта болуды тапсырдым. Сондай-ақ бітімді сол ұсыныс ұсынылып, келіссөздер аяқталғанға дейін ғана ұзартамыз, – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

«АҚШ ЖЕҢІЛДІ»

Иран Трамптың мәлімдемесіне қарсы шығып, атысты тоқтару режимін ұзартуды сұрамағанын айтты.

Тегеранның айтуынша, Трамп «соғыста жеңілді». Сонымен қатар Иран АҚШ пен Израиль лаңкестік шабуылдар жоспарлауы мүмкін деп қауіптенеді.

Tasnim агенттігінің дереккөздерінің мәліметінше, Трамп қақтығыс барысында барлық мүмкін нұсқаларды қолданып көріп, «соғыста жеңілген». Тегеранның пайымынша, АҚШ президенті әскери жолмен еш нәтиже болмайтынын түсінеді, сондықтан өзі үшін ең тиімді шешім – қақтығыстан шығу деп санайды.

Сондай-ақ Тегеран АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасын жалғастыруы қақтығыстың әлі аяқталмағанын білдіреді деп түсіндіреді. Дереккөздерге сүйенсек, Иран бұл стратегиялық су жолын ашпайды және қажет болған жағдайда оны күшпен бұзып өтуге дайын.

Иран парламенті спикерінің кеңесшісі Мехди Мохаммадидің пікірінше, бітімді ұзартудың мәні жоқ.

«Жеңілген тарап шарт қоя алмайды. Қоршауды жалғастыру – бомбалаудан еш айырмасы жоқ, сондықтан оған әскери жауап берілуі тиіс», – деді ол.

ЖАҢА САНКЦИЯЛАР

Иранның жауабынан кейін АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иранға қатысты санкциялар тізімін кеңейтті.

Жаңартылған тізімге барлығы 14 нысан енгізілген. Олардың қатарында Иран, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жеке тұлғалар мен компаниялар бар. АҚШ билігінің мәліметінше, олар қару-жарақ немесе оның бөлшектерін сатып алу мен тасымалдауға қатысы болуы мүмкін.

Санкциялар, сонымен қатар, америкалық шектеулерге бұрыннан іліккен ирандық Mahan Air әуе компаниясымен байланысты бірнеше адамға да қатысты енгізілді. Бұл компания АҚШ тарапынан Ислам революциясы сақшылары корпусына (КСИР) қолдау көрсетеді деп айыпталған.

Бұдан бөлек, аталған әуе тасымалдаушысына тиесілі екі Boeing 777-200ER ұшағы да санкциялар тізіміне енгізілді.

БАСТЫ НЫСАНА – УРАН

Еске салайық, АҚШ-тың басты көздегені – Иранның байытылған уран қоры.

Трамптың айтуынша, «Түн ортасындағы балға» операциясы (2025 жылғы маусымда Иранның ядролық нысандарына жасалған соққылар) елдегі ядролық инфрақұрылымға жойқын әсер еткен. Сол себепті уранды қазып алу жұмыстары өте күрделі және ұзаққа созылады.

Ал Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Иран байытылған уранды АҚШ-қа да, басқа елдерге де шығаруды жоспарламайтынын айтқан.

Иран қанша жылдан бері ядролық қаруға үміткер ел ретінде аталып келеді. Тегеран 2003 жылы ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтатқанын мәлімдегенімен, МАГАТЭ деректеріне сәйкес, соңғы жылдары уран байытуды жалғастырып келген, соның ішінде қару жасау деңгейіне жақын дәрежеге дейін жеткізген.

2015 жылғы ядролық келісімге сәйкес, Иранға уранды 3,67% деңгейіне дейін ғана байытуға және оның қорын 300 кг көлемінде ұстауға рұқсат берілген болатын. Алайда МАГАТЭ мәліметінше, Иранда шамамен 400 кг 60% деңгейінде байытылған уран бар. Егер ол 90%-ға дейін жеткізілсе, бұл көлем 10 ядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін.

Iran Watch ұйымы Иран бір ядролық қаруға жететін уранды шамамен төрт айда байыта алады, ал бес қару жасауға қажет мөлшерді бір жыл сегіз ай ішінде жинай алады деп ескерткен. Трампқа маза бермей отырған да – осы.

Серіктес жаңалықтары