АҚШ президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады. Ол өз құттықтауында екі ел арасындағы қарым-қатынасқа баға беріп, желтоқсанда Қазақстан басшысымен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
27 қазанда Ақорда АҚШ президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевқа Республика күніне орай жолдаған құттықтау жеделхаты туралы хабарлады.
Трамп кейінгі бір жылда Қазақстан мен АҚШ халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтып, маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан экономикасындағы америкалық бизнестің рөліне тоқталды.
– 1991 жылы Америка Құрама Штаттары Қазақстанды халықаралық аренада егемен мемлекет ретінде алғашқылардың бірі болып емес, бірінші болып таныды. Еліміздің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдауға деген ұстанымымыз өзгермейді, – деп жазды Трамп.
Хатының соңында АҚШ президенті екіжақты ынтымақтастықтың болашағына қатысты үмітін білдірді.
– Екі ел арасындағы нығайып келе жатқан достық алдағы көптеген онжылдықта нақты нәтижелерге жеткізетініне сенімдімін. Желтоқсанда өтетін G20 саммитінде Сізбен кездесуді асыға күтемін, – делінген құттықтауда.
Контекст
G20 саммиті 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде өтеді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы кездесуде жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеуге қатысты ұсыныстарын таныстыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Президент Трамптың суперинтеллектіні қауіпсіз дамыту жөніндегі келісім жасау бастамасын қолдап, БҰҰ аясында халықаралық шарт әзірлеуге негіз ретінде «Вашингтон моделін» қарастыруды ұсынды.