×
464.73
546.57
6.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.73
546.57
6.19

Геосаяси ойын: Қытай АҚШ–Иран текетіресінен не ұтып отыр?

Бүгін, 15:28
Геосаяси ойын: Қытай АҚШ–Иран текетіресінен не ұтып отыр?
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері Таяу Шығыстағы ахуалды күрт шиеленістірген тұста Қытай өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жолды таңдады. Бейжің ашық қарсылыққа бармай, дипломатиялық, экономикалық және саяси тепе-теңдікті сақтауға мүдделі. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы ұстаным Қытайға соғысты өз мақсатына пайдалануға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СИ ЦЗИНЬПИННІҢ ҰСТАНЫМЫ

Осы аптада Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ормуз бұғазының қайта ашылуын қолдап, Бейжіңнің прагматикалық бағытын айқын көрсетті. Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлескен ол дағдарысты тек саяси және дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін айтты.

фото: Reuters

Қытай тарапының мәлімдеуінше, Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасы тек өңір елдері үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық үшін маңызды.

Бұл мәлімдеме АҚШ президентінің риторикасымен қабыспайды. Трамп сол күні әлеуметтік желіде «соғыста айқын басымдыққа ие болып жатқанын» айтып, Иран порттарына салынған теңіз блокадасы келісімге қол жеткізілгенге дейін жалғасатынын мәлімдеген.

ҚЫТАЙДЫҢ ТАКТИКАСЫ

Сарапшылардың пікірінше, Қытай бұл қақтығыста батыл қадамдарға бармай-ақ, жағдайды өз мүддесіне пайдаланып отыр.

Азия–Израиль саясаты бағдарламасының жетекшісі Гедалия Афтерманның айтуынша, Бейжің «үлкен әрекет жасамай-ақ, мүмкіндікті шап беретін сәтті күтіп, өз позициясын нығайтып отыр. Ал негізгі ауыртпалықты АҚШ көтеруде».

Қытайдың басты артықшылығы –  барлық тараппен байыпты байланыста болуы. Ол бір мезетте АҚШ-пен де, Израильмен де, Иранмен де, Парсы шығанағы елдерімен де экономикалық және саяси қатынас орнатқан.

«БӘРІ БІЗДІҢ СЕРІКТЕСТЕРІМІЗ»

Қытай – Иранның ең ірі сауда серіктесі және оның мұнайының шамамен 90 пайызын сатып алады. Сонымен қатар 2021 жылы Тегеранмен 25 жылдық стратегиялық әріптестік келісімге қол қойған.

фото: AFP

Бірақ Бейжің тек Иранмен ғана шектелмейді. Соңғы онжылдықта Сауд Арабиясы, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктерімен байланысын күшейткен. АҚШ пен Израильмен де алыс-берісі тоқтаған емес.

Қытай сарапшысы Ма Сяолиннің айтуынша, «Қытай барлық елмен жақсы қарым-қатынаста. Оның ұстанымы – олар бір-біріне қарсы болса да, бәрі біздің серіктестеріміз».

ЭКОНОМИКАЛЫҚ МҮДДЕ

Мамандар Қытайдың Таяу Шығыстағы басты мүддесі – саясат емес, экономика екенін айтады.

Тайбэйдегі стратегиялық зерттеулер қоғамының сарапшысы Чан Чиннің пікірінше, Бейжің үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Себебі бизнеске бейбітшілік тиімді, ал соғыс – қауіп.

Таяу Шығыстағы ахуал ушыға түссе, Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін. Өйткені елдің мұнай импортының 40 пайыздан астамы дәл осы өңірден келеді.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК

Қытай сырттай бейтарап көрінгенімен, дипломатиялық тұрғыда белсенді. Сыртқы істер министрі Ван И соңғы апталарда ондаған телефон келіссөздерін жүргізген, ал Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Чжай Цзюнь негізгі ойыншылармен жиырмаға жуық кездесу өткізіп үлгерген.

Соған қарамастан, Бейжің өз рөлін әдейі төмендетіп көрсетуге тырысады. Сарапшылардың айтуынша, Қытай күрделі бітімгерлік процеске терең араласудан қашады.

Сингапурлық зерттеуші Дрю Томпсонның пікірінше, Қытай «бейбітшілік орнатушы болғысы келеді, бірақ оған толық жауапкершілік алғысы келмейді».

ҚОС ҚЫСЫМ: БЕЙЖІҢНІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІК САЯСАТЫ

Қытай үшін ең күрделі міндет –  Иран мен АҚШ арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Бір жағынан, Тегеранмен стратегиялық әріптестік бар, екінші жағынан –  Вашингтонмен сауда және тариф мәселелері талқыланып жатыр.

Алдағы уақытта Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың кездесуі жоспарланған. Сонымен қатар Қытай Парсы шығанағы елдерімен еркін сауда келісімін аяқтауға дайындалуда. Сондықтан Бейжің ақырын жүріп, анық басуға тиіс.  

Батыс ақпарат құралдары Қытайдың бейтараптығына күмән келтіретін ақпараттар да таратуда. Кейбір деректерде Бейжің Иранға қару жеткізуі мүмкін екені немесе барлау спутниктерін бергені айтылған. Алайда қытайлық сарапшылардың пікірінше, мұндай әрекеттердің ықтималдығы төмен, себебі бұл Қытай–АҚШ қатынасына кері әсер етері анық.

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ КЕЗЕҢ: ҚЫТАЙДЫҢ БАСТЫ ЕСЕБІ

Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың негізгі стратегиясы – соғыстан кейінгі кезеңге дайындалу.

Қақтығыс аяқталған соң аймақта қайта қалпына келтіру, инвестициялар тарту жұмыстары, экономикалық жобалар басталады. Бейжің дәл осы сәтте тиімді позицияда болуды көздейді.

Сарапшылар Қытайдың қазіргі «үнсіз стратегиясы» қысқа мерзімде көзге түспеуі мүмкін екенін айтады.  Алайда ұзақ мерзімде дәл осы тәсіл оған геосаяси аренада маңызды артықшылық бермек.

 

Серіктес жаңалықтары