Қазақстандық көрермен әзірше «Күлпәш» және «Айтматов» фильмдерін көре алмайды. Екі картинаның да авторлары премьера күнінің өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Күлпәш» уәде етілген уақытта көрсетілмейді
Фильмнің премьерасы 10 қарашаға жоспарланған еді. Ал келесі күні картина көпшілік прокатқа шығуы керек болатын. Алайда Sataifilm киностудиясы көрсетілімнің кейінге шегерілгенін хабарлады.
– Қазір барлық қажетті рәсімді аяқтау үшін бізге қосымша уақыт қажет. Осы маңызды кешті бізбен бірге өткізуді жоспарлаған барша көрерменнен шын жүректен кешірім сұраймыз. Түсіністік танытып, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әзірше премьера мен фильмнің прокатқа шығу мерзімін шамамен бір аптаға шегеруді жоспарлап отырмыз. Жуырда кинотеатрларда көрерменмен қауышамыз деп үміттенеміз, – делінген хабарламада.
Жаңа күн туралы қосымша хабарланатыны айтылды.
Ал «Айтматов» фильмі ше?
«Айтматов» фильмінің авторлары да премьераның кейінге қалғанын мәлімдеді.
– Бізге қатысы жоқ жағдайларға байланысты «Айтматов» фильмінің Қазақстан кинотеатрларындағы премьерасы белгісіз мерзімге шегеріледі, – деп хабарлады жоба авторлары.
«Күлпәштан» айырмашылығы, «Айтматов» фильмінің прокатқа шығатын уақыты әзірше белгісіз.
Қырғызстандық режиссер Қаныбек Қалматов түсірген фильмде Шыңғыс Айтматов өмірінің күрделі кезеңі баяндалады. Оқиға 1979 жылы өтеді. Жазушы «Ғасырдан да ұзақ күн» романын аяқтайды, алайда цензура салдарынан шығарманың жарық көруіне қауіп төнеді. Еуропаға сапары кезінде Айтматовқа Батыста қалуға мүмкіндік туады. Ол шығармашылық еркіндік пен Отанына оралу арасындағы таңдауға тап болады.
Фильмге Болот Тентимышов, Сергей Безруков және Равшана Куркова түскен.
Ал Ақан Сатаевтың «Күлпәш» тарихи драмасы Бейімбет Майлиннің осы аттас шығармасы негізінде түсірілген. Фильмде ашаршылық кезінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ отбасының тағдыры суреттеледі. Күлпәштің күйеуі әйелі мен кішкентай ұлын асырай алмайды. Тірі қалу үшін әйел жақындарының өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Бас рөлдерді Гүлмира Хасанова мен Еркебұлан Дайыров сомдаған.