×
464.73
546.57
6.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.73
546.57
6.19

Газада өлі туған шақалақтар саны 140 пайызға өсіп кетті

Бүгін, 14:32
Газада өлі туған шақалақтар саны 140 пайызға өсіп кетті
Фото: Al Jazeera

Соғыс салдары әлі де сезіліп тұрған Газада жағдай күрделі. Соңғы мәліметтерге қарағанда, нәрестелердің туа біткен кемістіктері бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Ал өлі туу жағдайлары 140 пайызға көбейген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОҒЫС ДЕНСАУЛЫҚҚА ДА ӘСЕР ЕТКЕН

Al Jazeera мәліметінше, Газаның оңтүстігіндегі Нассар ауруханасының неонаталдық бөлімінде жаңа туған сәбилер өмір үшін күресіп жатыр. Дәрігерлер мұндай ауыр туа біткен ақаулардың көбеюін соғыс салдарымен байланыстырады.

Екі айлық Осама жүрегіндегі тесікпен және ми қарыншаларының ұлғаюымен дүниеге келген. Анасы Наджия Зуруб жүктіліктің соғыс жағдайында өткенін айтады. Оның сөзінше, тамақ тапшылығы, қауіпсіз ауыз судың болмауы және шатырларда өмір сүру денсаулығына қатты әсер еткен.

«Соғыс кезінде жүкті болдым. Тамақ жетіспеді, жағдай өте ауыр болды. Сол себепті мерзімінен бұрын босандым», – дейді ол.

Дәрігерлер Осаманың жағдайы тұқым қуаламағанын, отбасысында мұндай дерт болмағанын растаған.

Сол бөлімде жатқан басқа сәбилердің де жағдайы күрделі. Екі апталық Ахмедте гидроцефалия белгілері байқалады – мида сұйықтық жиналып, қысым түсіреді. Ал екі айлық Сухейр ауыз және құлақ аймағындағы бірнеше ақаумен туған. Бір күннің өзінде бөлімде бес сәби осындай диагнозбен жатыр. Олардың бірі жансақтау бөліміне жеткізілсе, тағы бірі шетінеген.

АУА ДА, АУЫЗ СУ ДА ЛАС

Денсаулық сақтау саласының өкілдері жағдайдың күрт нашарлағанын айтады. Захер әл-Уахиди бұл көрсеткіштердің негізгі себептері ретінде жаппай аштықты, медициналық қызметтердің құлдырауын, халықтың шамадан тыс тығыз орналасуын, лас ауыз суды және әуе шабуылдарының әсерін атады.

Нассар ауруханасының педиатры Асаад әл-Наважха әсіресе ішкі ағзаларды зақымдайтын ақаулар көбейгенін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар жүктіліктің алғашқы кезеңінде – ұрық мүшелері қалыптасатын уақытта, сыртқы жағымсыз факторлардың әсерінен пайда болады. Қазіргі таңда дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық жетіспегендіктен, кейбір сәбилерге көмек көрсету мүмкін болмай отыр.

СТАТИСТИКА ҚАНДАЙ?

Ресми деректер де жағдайдың ауыр екенін көрсетеді. 2025 жылы туа біткен ақаулар саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Өлі туу көрсеткіші 140 пайызға өскен. Тек бір жылдың ішінде 457 нәресте шетінеген – бұл соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50 пайызға көп.

Соғыс демографияға да әсер етті. Қарулы шабуылдар күшейген кезде Газада тірі туу көрсеткіші 30 пайыздан астамға төмендеген. Қазір көрсеткіш сәл жақсарғанымен, бұрынғы деңгейге жетпеген.

Дәрігерлердің айтуынша, бомбалау азайған күннің өзінде бұл сәбилер үшін қауіп сейілген жоқ. Олар әуе шабуылдарынан аман қалғанымен, соғыстың өз денелеріне қалдырған ауыр зардаптарымен өмір бойы күреседі.

Серіктес жаңалықтары