2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Бұл – Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Жолбарысты табиғи ортаға жібермес бұрын мамандар ветеринариялық тексеруден өткізіп, оның мінез-құлқы мен аңшылық дағдыларын бағалады. Сондай-ақ өздігінен қорек табу қабілеті және адамға қатысты әрекеттері тексерілді. Нәтижесінде Амурдың табиғи ортада өз бетінше тіршілік етуге дайын екені анықталды.
Жолбарыстың қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін оған спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Іс-шараға Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, резерват қызметкерлері, мамандар және адам мен жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.
Үміт те жабайы табиғатқа бейімделіп келеді
Бұған дейін, 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс табиғи ортасына жіберілген болатын. Қазір ол резерват аумағына біртіндеп жерсініп, өздігінен аң аулап жүр.
Қазақстан аумағында жолбарыстар 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген. Оларды тарихи мекеніне қайтару үшін бірнеше жылдан бері табиғи экожүйені қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, оның аумағында жолбарыстардың тіршілігіне қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары басталды. Атап айтқанда, қоректік қорды молайту және табиғатты қорғау инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілді. Резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар жіберілді.
Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 30 құлан жеткізілді. Жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту жыртқыштардың табиғи ортада қорек табуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де баса мән берілген. Осы мақсатта арнайы топ құрылды. Мамандар жолбарыстардың қозғалысын бақылап, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатады және күтпеген жағдайларға жедел әрекет етеді.