×
461.37
542.16
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.37
542.16
6.14

«Ешқандай қысым жоқ»: Трамп Тегераннан «ең тиімді келісім» күтіп отыр

Бүгін, 08:07
«Ешқандай қысым жоқ»: Трамп Тегераннан «ең тиімді келісім» күтіп отыр
фото: Gage Skidmore/The Star News Network

Бұған дейін Axios басылымы Тегеранға жауап беру үшін бірнеше күндік үзіліс берілуі мүмкін екенін жазған еді. Алайда Дональд Трамп бұл ақпаратты жоққа шығарып, нақты мерзім белгілемегенін айтты. Оның сөзінше, басты мақсат – ең тиімді келісімге қол жеткізу, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ЕШҚАНДАЙ ҚЫСЫМ ЖОҚ»

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісім жасауды асықпай жүргізіп жатқанын және келіссөздерге уақыт жағынан қысым көрсетпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Fox News арнасының жүргізушісі Марта МакКаллум Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін эфирде хабарлады.

Трамп үш-бес күндік нақты мерзім қойылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өткен. Оның айтуынша, ол «ең тиімді келісімге» қол жеткізуді көздейді.

Тележүргізушінің сөзінше, Трамп бітімді ұзарту мәселесінде ешқандай қысым жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ ол асықпайтынын және барынша тиімді келісімге ұмтылатынын жеткізген.

МакКаллумның айтуынша, Трамп тағы бір пікірінде АҚШ-тың әскери блокадасы «бомбалаудан да қаттырақ әсер етіп, ирандықтарды көбірек алаңдатады» деген.

БІТІМНІҢ ҰЗАРТЫЛУЫ

Айта кетейік, бұған дейін Axios дереккөздерге сүйеніп, Трамп Иранға қақтығысты реттеу бойынша ұстанымын айқындау үшін шектеулі уақыт беруге дайын екенін хабарлаған. Басылым мәліметінше, Вашингтон Тегеранға «тағы үш-бес күндік бітім жасап, ойлануға мүмкіндік беруі мүмкін».

8 сәуірде АҚШ пен Иран уақытша бітімге келген. 11 сәуірде тараптар Пәкістанда келіссөз өткізгенімен, ортақ мәмілеге келе алмады. Ал 13 сәуірде АҚШ Ормуз бұғазын блокадаға алғанын жариялады. Соған қарамастан, 21 сәуірде – бітім мерзімі аяқталатын күні  Трамп оны ел басшылығы ортақ ұсыныс әзірлегенге дейін ұзартатынын мәлімдеді.

Иран парламенті спикерінің кеңесшісі Мехди Мохаммади бұған жауап ретінде бітімді ұзартудың мәні жоқ екенін айтып, АҚШ-ты «жеңілген тарап» деп атады.

ЖАҢА САНКЦИЯЛАР

Иранның жауабынан кейін АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иранға қатысты санкциялар тізімін кеңейтті.

Жаңартылған тізімге барлығы 14 нысан енгізілген. Олардың қатарында Иран, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жеке тұлғалар мен компаниялар бар. АҚШ билігінің мәліметінше, олар қару-жарақ немесе оның бөлшектерін сатып алу мен тасымалдауға қатысы болуы мүмкін.

Санкциялар, сонымен қатар, америкалық шектеулерге бұрыннан іліккен ирандық Mahan Air әуе компаниясымен байланысты бірнеше адамға да қатысты енгізілді. Бұл компания АҚШ тарапынан Ислам революциясы сақшылары корпусына (КСИР) қолдау көрсетеді деп айыпталған.

Бұдан бөлек, аталған әуе тасымалдаушысына тиесілі екі Boeing 777-200ER ұшағы да санкциялар тізіміне енгізілді.

Серіктес жаңалықтары