Ақтауда өскен Шыңғыс Заруов бүгінде Испанияда Michelin жұлдызы бар мейрамханада аға аспаз болып жұмыс істейді. Оны қарапайым ас үйдегі қызығушылығы, Еуропаның гастрономиялық орталықтарының бірі — Сан-Себастьян қаласына апарды.
Шыңғыс 2016 жылы Испанияның Ласарте-Ория қаласына тағылымдамаға барған. Сол кезде Баск кулинария орталығының алдында суретке түсіп, «Мүмкін, бұл менің болашағым шығар?» деп жазған. Арада тоғыз жыл өткенде бұл сөз шындыққа айналды. Ол осы оқу орнын үздік бітіріп, аға аспаз деңгейіне жетті, деп жазады digitalbussines.
Аспаздыққа қызығушылығы бала кезден басталған.
«Сабақтан кейін үйге асығып, асүйде көмектесетінмін: көкөніс тазалап, манты түйетінмін. Онша шебер болмасам да, әжем мақтайтын. Бізде тамақ дайындау қамқорлықтың белгісі еді», — дейді ол.
9-сыныптан кейін Шыңғыс Маңғыстау туризм колледжіне оқуға түскен. Сол кезде-ақ бұл саланы таңдағанына сенімді болған:
«Бұл мамандықта үнемі өсуге болады шеберлік те, табыс та артады», — дейді ол.
Оған ерекше әсер еткен британдық аспаз Джейми Оливер.
«Джейми арқылы асүйге шын қызыға бастадым. Дұрыс жолда екенімді түсіндім», — дейді Шыңғыс.
Кейін стипендиясынан ақша жинап, Лондонға барып, шеберлік сабақтарына қатысқан. Колледжден кейін ол жоғары деңгейлі мейрамханада жұмыс істеуді мақсат етеді. Сөйтіп, атақты аспаз Мартин Берасатеги басқаратын, үш Michelin жұлдызы бар мейрамханада тәжірибеден өтеді.

Алғашқы кезде оңай болмағанын жасырмайды:
«Кейде не істеу керегін ыммен түсіндіретін. Себебі испан тілін толық түсінбейтінмін. Бірақ сол жерде көп нәрсе үйрендім — Michelin стандарттарын, жоғары асүйдің тәртібін», — дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай мейрамханаларда бәрі нақты жүйемен жұмыс істейді: әр адам өз міндетін мінсіз орындайды. Бұл тәжірибе оның кәсіби өсуіне қатты әсер еткен.
Қазір Шыңғыс Сан-Себастьян қаласында тұрып, жұмыс істейді. Оның сөзінше, бұл салада бастысы ақша емес:
«Аспаздар шамамен 2000 еуродан бастайды. Бірақ шығын да көп. Бұл — табыс үшін емес, тәжірибе мен танылу үшін таңдалатын жол», — дейді ол.
Қазақстан мен Испанияны салыстыра келе, ол бір маңызды нәрсені айтады:
«Бізде талант та, жақсы өнім де бар. Бірақ Michelin деңгейіне жету үшін тәртіп пен тұрақты сапа керек», — дейді Шыңғыс.
Бүгінде ол өзінің стилін қалыптастырған:
«Менің стилім қарапайымдылық пен дәлдік. Тағамда басты өнім бірінші орында тұруы керек», — дейді аспаз.
Жұмысы қарбалас болғандықтан, туғандарымен жиі көрісе алмайды:
«Бес күн жұмыс істегеннен кейін демалғың келеді. Үйде тамақ жасамаймын. Мен үшін ең дәмді ас әжемнің тамағы», — дейді ол.
Соған қарамастан, Шыңғыс бір күні жақындарын Испанияға шақырып, өз қолымен жоғары асүй тағамдарын дайындап беруді армандайды.