×
461.37
542.16
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.37
542.16
6.14

Таяу Шығыстағы соғыс: БАҚ-та ең жиі қолданылған 10 сөз

Бүгін, 13:42
Таяу Шығыстағы соғыс: БАҚ-та ең жиі қолданылған 10 сөз
фото: ашық дереккөзден

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері басталғалы екі айға жуықтады. Осы уақыт ішінде қақтығыс мыңдаған адамның өмірін қиып, жаһандық энергетикалық тасымалдарға салмақ түсірді. Дағдарыстың негізгі нүктесі –  Ормуз бұғазы. Әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі өтетін бұл тар өткелдің атауы соғыс басталғалы әлемдік БАҚ-тағы ең жиі қолданылатын сөзге айналды.

Қақтығысқа қатысты жаңалықтарда көп айтылатын сөздердің ең негізгілеріне тоқталып, олардың қандай мағына беретінін тарқатып көрейік.

ОРМУЗ

Ормуз бұғазы – Иран мен Оман арасындағы тар теңіз жолы, Парсы шығанағын Араб теңізімен жалғайды. Әлемдегі ең маңызды теңіз бағыттарының бірі. Соғыс басталғалы бері бұғаздағы қозғалыс жиі шектеліп отыр.

Aljazeera агенттігінің жазуынша, бұл атаудың неден шыққаны нақты анықталмаған. Кең таралған нұсқа бойынша, ол зороастризмдегі жоғарғы құдай  – Ахура Мазда есімімен байланысты. Бұл атау «даналық иесі» деген мағына береді. Бұдан бөлек, парсы тіліндегі «құрма өсетін жер» деген тіркеспен немесе грек тіліндегі «қойнау, шығанақ» мағынасындағы сөзбен байланыстыратын болжамдар да бар.

Тарихта Ормуз патшалығы болғаны белгілі – ол осы өңірде орналасқан шағын, бірақ дәулетті теңіз мемлекеті еді.

SHAHED

Shahed – Иран қолданатын арзан әрі қарапайым соққы дрондары. Көбіне «камикадзе-дрондар» деп аталады. Олар нысанаға жеткенде жарылып, өзімен бірге оқ-дәріні жеткізеді. Әдетте төмен ұшады, бір мезетте бірнешеуі қатар жіберіледі –  бұл әуе қорғанысын әлсіретуге бағытталған тәсіл.

«Shahed» сөзі араб тілінен аударғанда «куә» дегенді білдіреді. Бұл атау парсы тілінде де сол мағынада қолданылады.

TOMAHAWK

«Tomahawk» бастапқыда Солтүстік Американың байырғы халықтары пайдаланған шағын балта атауы болған. Қазір бұл – АҚШ жасаған дәлдігі жоғары қанатты зымыранның атауы.

Tomahawk алыс қашықтықтағы нысаналарды дәл жоюға қабілетті. Құқық қорғау ұйымдары соғыстың басында Ирандағы Минаб қаласындағы мектепке дәл осы зымыран соққы жасаған болуы мүмкін деп мәлімдеген.

МИНАБ

Минаб –  Ормуз бұғазы маңында орналасқан қала. Жасыл желекке бай, ауыл шаруашылығы дамыған өңір ретінде танымал, әсіресе цитрус жемістері мен құрмасымен белгілі.

Атауы көбіне «мөлдір су» немесе «көгілдір су» деген мағынадан шыққан деп түсіндіріледі. Кей деректерде ол «көк қамал» деген ұғыммен байланыстырылады, бірақ бұл нұсқа нақты дәлелденбеген.

БАБ-ӘЛ-МАНДЕБ

Баб-әл-Мандеб бұғазы – Қызыл теңіз бен Аден шығанағын жалғайтын тар өткел. Йемен мен Джибути аралығында орналасқан.

Араб тілінен «қайғы қақпасы» деп аударылады. Бұл – Үнді мұхитынан Қызыл теңіз арқылы Суэц каналына, одан әрі Еуропаға өтетін маңызды сауда жолы. Соғыс басталғалы бері Иранға жақтас йемендік хуситтер бұл бұғазды жабу қаупін бірнеше рет көтерді.

 EPIC FURY (ЭПИКАЛЫҚ ҚАҺАР)

Epic fury – АҚШ-тың Израильмен бірлесіп жүргізіп жатқан әскери науқанының атауы.

«Epic» сөзі көне грек тілінен шығып, «дастан», «аңыз» деген мағына береді, кейін «ауқымды», «ерлікке толы» ұғымына ие болған. Ал «Fury» латын тілінен аударғанда «ашу», «қаһар» дегенді білдіреді. Рим мифологиясында бұл тіркес кек алушы құдайларға қатысты қолданылған.

АЯТОЛЛА

Аятолла  –  шииттік исламдағы ең жоғары діни атақтардың бірі. Ол ислам құқығы мен теологиясын терең меңгерген беделді дін ғалымдарына беріледі.

Атауы араб тіліндегі «аят» («белгі») және «Алла» сөздерінен құралған, яғни «Құдайдың белгісі» дегенді білдіреді. Бұл атақ көбіне Иранмен байланысты.

Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы –  Әли Хаменеи осы дәрежеге ие болған.

ХАРГ (KHARG)

Харг аралы –  Парсы шығанағындағы шағын арал, Иранның басты мұнай экспорт орталығы осында орналасқан. Стратегиялық маңызы жоғары болғандықтан, кіру қатаң шектеледі.

Атауының нақты шығу тегі белгісіз. Кей болжамдарда ол «ыстық жер» деген мағына беруі мүмкін делінеді. Иран–Ирак соғысы кезінде арал қатты бомбалауға ұшыраған, кейін қайта қалпына келтірілген. Соңғы шабуылдарда әскери нысандарға соққы беріліп, энергетикалық инфрақұрылымға тимеуге тырысқаны айтылды.

KAFIR (КӘПІР)

Kafir сөзі соғыс кезінде АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсеттің қолындағы арабша жазуы бар татуировкадан кейін кеңінен талқыланды.

Көбіне «дінсіз» немесе «сенбейтін адам» деп аударылады. Негізгі мағынасы – «шындықты жасырушы». Бұл сөз Құранда түрлі формада жиі кездеседі.

KHATAM AL-ANBIYA

Ислам революциялық сақшылар корпусы құрамындағы орталық штаб атауы — «Khatam al-Anbiya».

Араб тілінен «Пайғамбарлардың мөрі» деп аударылады. Бұл тіркес Құранда Мұхаммед пайғамбарға қатысты қолданылған.

Осы атаумен аталған құрылым Иран әскери жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Серіктес жаңалықтары