Сальвадорда әлем назарын аудартқан сот процесі басталды. ВВС хабарлауынша, 486 күдікті бір мезетте онлайн форматта сотқа қатысуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОНЛАЙНДА ӘДІЛДІК БАР МА?
Сальвадорда MS-13 қылмыстық тобына қатысы бар деген күдікпен 486 адамға қатысты жаппай сот процесі басталды. Бұл туралы елдің бас прокурорының кеңсесі хабарлады.
Ең басты ерекшелік – сот процесі жаппай әрі қашықтан өтіп жатыр. Яғни жүздеген айыпталушы бір уақытта онлайн режимде сотқа қатысуда. Сарапшылар мұндай форматтың әділ сот қағидаттарына әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.
47 МЫҢНАН АСТАМ ҚЫЛМЫС
Айыпталушылар 2012-2022 жылдар аралығында 47 мыңнан астам қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Олардың қатарында кісі өлтіру, бопсалау, есірткі және қару-жарақ саудасы бар.
БҰҰ сарапшылары жаппай әрі дистанциялық сот жүргізу тәжірибесін сынға алып, бұл тәсіл айыпталушылардың қорғану құқығын және кінәсіздік презумпциясын әлсіретуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Ал Сальвадордың бас прокуратурасы айыптарды дәлелдейтін «жеткілікті айғақтар» бар екенін айтып, кінәсі дәлелденгендерге ең қатаң жаза сұралатынын жеткізді.
Сотталушылардың арасында 2022 жылдың наурыз айындағы қанды оқиғаларға қатысы бар деген күдікке ілінгендер де бар. Сол кезде бір демалыс күндері 87 адам қаза тауып, ел президенті Найиб Букеле «бандаларға қарсы соғыс» жариялаған еді.
Қазіргі таңда айыпталушылардың 413-і қамауда отыр, ал тағы 73 адамға сырттай айып тағылып, оларды ұстауға ордер берілген.
КОНТЕКСТ
2022 жылдың наурызынан бері елде төтенше жағдай режимі күшінде. Бұл құқық қорғау органдарына күдіктілерді жаппай ұстауға мүмкіндік беріп, кейбір конституциялық құқықтарды уақытша шектеді. Осы уақыт ішінде ондаған мың адам ұсталған.
Алайда құқық қорғау ұйымдары бұл шаралар негізсіз тұтқындауларға әкеліп, азаматтардың құқықтарын бұзуы мүмкін екенін айтып, билікті сынға алып отыр.