×
464.86
544.03
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.86
544.03
6.14

Тұйыққа тірелген диалог: Трамп Пәкістанға делегация жіберуден бас тартты

Бүгін, 08:26
Тұйыққа тірелген диалог: Трамп Пәкістанға делегация жіберуден бас тартты
фото: salom.com

АҚШ президенті Дональд Трамп бұдан былай Иранмен келіссөз өткізу үшін Пәкістанға америкалық делегация жіберілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер Тегеран келіссөзді жалғастыруға мүдделі болса, АҚШ-пен тікелей байланысқа шығуы немесе Вашингтонға өзі келуі тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ТЕЛЕФОН БАР, СӨЙЛЕСУГЕ БОЛАДЫ»

Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп Иран тарапына нақты ұсыныс айтты.

«Егер сөйлескілері келсе, өздері келсін немесе хабарлассын. Қазіргі заманда байланыс құралдары жеткілікті. Бізде қорғалған байланыс желілері бар. Бірақ адамдарымызды 18 сағат ұшырып, нәтижесіз кездесуге жібермейміз», –  деді ол.

25 сәуірде АҚШ басшысы арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің Пәкістанға жоспарланған сапарын тоқтатқанын мәлімдеді. Олар Исламабадта Иран өкілдерімен келіссөздің жаңа кезеңін өткізуі тиіс болған.

Трамп бұл шешімді «ұзақ ұшып барып, мәнсіз әңгіме айтуға» жол бермеу қажеттігімен түсіндірді. Сонымен қатар ол Иран билігінде «ішкі алауыздық пен түсініспеушілік басым» екенін атап өтті.

НӘТИЖЕСІЗ КЕЛІССӨЗДЕР

11–12 сәуір күндері Пәкістанда өткен АҚШ пен Иран делегацияларының кездесуі нақты нәтижесіз аяқталған. Бұған дейін Трамп 8 сәуірден бері күшінде тұрған уақытша бітімді мерзімсіз ұзартқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл режим Иран билігі ортақ ұстаным қалыптастырғанға дейін сақталады.

Сонымен қатар АҚШ Ормуз бұғазындағы теңіз блокадасын жалғастыратынын да растады.

Ал  Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи 25 сәуірде Тегеран Вашингтонмен жаңа келіссөз кезеңін өткізуді жоспарламайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, ирандық делегация Пәкістан билігімен кездесіп, ел ұстанымын жеткізеді.

BLOOMBERG: КЕЛІССӨЗДЕР ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Bloomberg агенттігі АҚШ делегациясының сапары тоқтатылып, Иран президенті Масуд Пезешкиан қысым жағдайында келіссөз жүргізбейтінін айтқаннан кейін тараптар арасындағы диалог «тұйыққа тірелгенін» жазды.

Ал Axios басылымының мәліметінше, Иран АҚШ-қа Ормуз бұғазын кеме қатынасына ашу және соғысты тоқтату туралы жаңа ұсыныс жолдаған. Құжат Пәкістан арқылы жеткізілген.

Ұсынысқа сәйкес, атысты ұзақ мерзімге тоқтату немесе соғысты толық аяқтау қарастырылады. Ал Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді кейінге қалдыру ұсынылған.

АҚШ бұл ұсынысқа қандай жауап беретіні әзірге белгісіз. Иранның тағдырына қатысты шешім бүгін, 27 сәуірде Ақ үйдегі арнайы кеңесте қабылдануы мүмкін.

ИРАН ІШІНДЕ БІРІЗДІ ҰСТАНЫМ ЖОҚ

Axios дерегінше, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Исламабадтағы кездесулерде ядролық мәселені уақытша шетке қалдыруды ұсынған. Ол делдал елдер — Пәкістан, Мысыр, Түркия және Катарға Иран басшылығы ішінде АҚШ талаптарына қатысты ортақ пікір жоқ екенін жеткізген.

АҚШ өз кезегінде Ираннан уран байытуды тоқтатуды және оның қорын ел аумағынан шығаруды талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары