×
457.21
534.62
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
457.21
534.62
6.08

800 мың доллар дауы: Бибісара Асаубаеваның табысы қанша?

Бүгін, 16:05
800 мың доллар дауы: Бибісара Асаубаеваның табысы қанша?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жеңістері үшін қанша сыйақы алады? Шахмат федерациясымен қарым-қатынасы қандай? Бұл сұрақтарға спортшының анасы ашық жауап  берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«МЕН МИЛЛИАРДЕР ЕМЕСПІН»

Лиана Таңжарықова үш жыл бұрын Тимур Турловтың шахматшыны қаржыландырудан бас тартқаны жайлы айтып берді.

– Біз командамызбен бірге төрт жылға арналған ұсыныс жасадық. Барлық қаржылық міндеттемелер мен тәуекелдерді нақты жаздық. Тіпті жазбаша түрде: егер чемпиондық атақ әкелмесек, барлық қаражатты қайтаруға дайын екенімізді де хабарладық. Шамамен екі аптадан кейін Тимур Русланұлы Бибісарамен жеке кездескісі келетінін айтты. Лондонда өткен сол кездесуде: «Сара, бір нәрсені түсінуің керек: мен миллиардер емеспін, барлық ақша – компаниянікі, сондықтан мен сені қаржыландырудан бас тартамын» депті, – дейді Лиана.

Соған қарамастан, Бибісара кейін федерация құрамына енді. Алайда бірнеше жылдан соң төлемдерге қатысты даулар туындады. Әлеуметтік желілерде елдің жетекші шахматшыларының бірі ретінде Асаубаеваға қанша қаржы бөлінетіні талқыланып, 800 мың доллардан асады деген ақпарат тарады.

Лиана Таңжарықова бұл соманы жоққа шығарып, қызы жалақы алмайтынын, тек жеңіс үшін сыйақы берілетінін айтты.

– Федерация спортшыларға ай сайын жалақы төлемейді. Бибісараға да, басқаларына да. Федерацияның жалпы бюджеті жылына шамамен 10 миллион доллар. Ал төрт жылға жарияланған 388 миллион теңгенің салықтан кейін қолға тиетіні – шамамен 278 миллион теңге. Бұл қаражаттың бәрі «жалақы» емес: оның едәуір бөлігі бапкерлерге төленеді, оларды федерация тікелей қаржыландырады. Сыйақылар тек нәтиже үшін, яғни жеңістер үшін беріледі, – деді Бибісараның анасы.

ФЕДЕРАЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Федерация өкілдері Бибісара ұлттық құрама ойыншылары арасында ең үлкен қолдауға ие екенін мәлімдеді. Олардың дерегінше, 2023-2026 жылдар аралығында шахматшы шамамен 388 млн теңге алған. Бұл қаржыға гранттар мен нәтижеге байланысты сыйақылар кіреді.

– Қазақстандағы шахмат бүгінде ондаған мың бала, ата-ана, жаттықтырушы, педагог және кәсіби спортшылар қатысатын үлкен республикалық экожүйеге айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар 162 медаль, оның ішінде 64 алтын жеңіп алды. Қазіргі таңда Федерацияның жылдық бюджеті 5 млрд теңгеден асады. Осы ретте барлық спортшылардың ішінде ең көп қаржылық қолдауды Бибісара Асаубаева алады – 2023-2026 жылдары бұл шамамен 388 млн теңге, – деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясы Ulysmedia.kz реми сауалына.

Федерация негізінен бір демеуші – Freedom Holding Corp қаражаты есебінен жұмыс істейді. Қаржы тек спортшыларға емес, турнирлер өткізуге, ұлттық құраманы дайындауға, жаттықтырушыларға және елдегі шахматты дамытуға бағытталады.

Сондай-ақ федерацияда Асаубаева жеңістер үшін сыйақы алатыны және қосымша қолдауды басқа көздерден, соның ішінде Sport Qory қорынан да алатыны айтылды.

КОНТЕКСТ

Тимур Турлов – Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы және негізгі акционері. Forbes Kazakhstan дерегіне сәйкес, 2025 жылдың мамырындағы жағдай бойынша оның байлығы шамамен 5,8 млрд долларды құрап, оны Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің біріне айналдырған.

Сондай-ақ желтоқсан айында Турловтың бизнес құрылымдары бұрын Нұрәлі Әлиев иелік еткен «Транстелеком» АҚ-ны сатып алғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары