Владимир Путин мен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Бір жарым сағатқа созылған әңгімеде тараптар не талқылағаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Путин АҚШ президенті Дональд Трампқа Жеңіс күні қарсаңында уақытша бітім енгізуге дайын екенін жеткізген. Бұл бастаманы Трамп қолдаған. Сондай-ақ тараптар Украина мен Иран төңірегіндегі жағдайды талқылаған.
«Дональд Трамп Ресейдің жақында жариялаған Пасхаға орай бітімін оң бағалады. Осыған байланысты Владимир Путин америкалық әріптесіне Жеңіс күнін атап өту кезеңінде де бітім жариялауға дайын екенін айтты», — деді Ушаков.
Оның сөзінше, Трамп бұл бастаманы қолдап, бұл мереке «Екінші дүниежүзілік соғыста нацизмге қарсы ортақ жеңісті білдіретін күн» екенін атап өткен.
Өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай Путин 8 мамыр түнінен 11 мамыр түнгі уақытына дейін бітім жариялаған еді. Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол кезде Киев тарапынан «нақты түрде оқ атуды тоқтату байқалмады» деп мәлімдеген.
МАЙДАНДАҒЫ АХУАЛ
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған телефон әңгімесінде Путин Трампқа майдандағы жағдай туралы да айтып берген. Оның сөзінше, ресейлік әскер Украина қарулы күштерін ығыстырып жатыр. Ушаковтың айтуынша, екі саясаткер де Киев еуропалық елдердің қолдауымен «қақтығысты созуға бағытталған саясат ұстанып отыр» деген пікірде болған.
Соған қарамастан, Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келісімге қол жеткізу жақын деп есептейді.
Путин өз кезегінде Ақ үй басшысына арнайы әскери операцияның мақсаты қалай болғанда да орындалатынын жеткізген.
ИРАНДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
Сонымен қатар, Путин мен Трамп өзге де саяси мәселелерді, оның ішінде АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті талқылаған. Ресей президенті атысты тоқтату режимін ұзарту жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі деп санайды.
Путин сондай-ақ 25 сәуір күні «Вашингтон Хилтон» қонақүйінде Трампқа жасалған қастандық әрекетін айыптап, оған қолдау білдірген.
Екі лидердің бұған дейінгі телефон арқылы сөйлесуі 2025 жылдың 28 желтоқсанында өткен. Ушаковтың айтуынша, ол әңгіме «достық, жылы әрі іскерлік сипатта» өтіп, тараптар Украинадағы қақтығысты ұзақ мерзімді реттеуге өзара мүдделі екенін білдірген.