Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің отбасымен байланысты компания әкімдік өткізетін тендерлерде жүздеген миллион теңгенің келісімшарттарын ұтып алып отыр. Мұны мемлекеттік сатып алуларды зерттеген Ulysmedia.kz анықтады. Бұл – әкімнің отбасылық бизнесті бюджет қаражатынан алшақ ұстаймын деген уәдесінен кейін болған жағдай.
ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ
Кезінде Бақытжан Орынбеков өз отбасының бизнесін мемлекеттік сатып алуларға жібермейтінін ашық түрде уәде еткен еді. Әкім қызметіне кірісер алдында тамыр-таныстыққа жол бермейтінін, бизнесін туыстарына бергенін айтқан. Сонымен қатар өзінің кәсіпкерлікке қатысы жоқ екенін, сондықтан әкімдік тендерлеріне мұндай компаниялар қатыспайтынын мәлімдеген.
– Мен еңбек жолымды 90-жылдардың басында бастадым, екінші курста сырттай бөлімге ауыстым. Ол қиын кезеңдер еді. Әкем профессор, институтта проректор болып жұмыс істеді. Сол уақытта адамдар жалақы алмайтын. Мен отбасындағы үлкені болдым, екі інім мен екі қарындасым бар. Әскерден кейін, 20 жасымда бизнеске келдім. Көпшілік менің табысты кәсіпкер болғанымды біледі. 2004 жылы өзім үшін мемлекеттік қызметке бару туралы шешім қабылдадым. Бизнестің басым бөлігін кіші ініме тапсырдым. Отбасы мүшелеріме келсек, иә, олар кәсіппен айналысады. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қызметте емес. Олар Қазақстан Республикасының азаматтары, бұған құқылы. Таразда да, Алматы мен Астанада да мүліктері бар. Мұның бәрі ашық базада көрсетілген. Сондықтан арнайы журналистік зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Жеке өзімнің қазіргі таңда бизнеске қатысым жоқ. Табысқа қатысты айтсам, мен мемлекеттік қызметкермін, декларация тапсыруға міндеттімін. Егер бірдеңені әдейі көрсетпесем, жауап беруге дайынмын. Мен адал азаматпын. Отбасы мүшелерім де адал кәсіпкерлер. Бақылаушы органдар тарапынан ешқашан шағым болған емес, – деген еді шенеунік шамамен үш жыл бұрын журналистердің сұрағына.

18 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ КЕЛІСІМІ
Ал енді реестрді ашсақ, мүлде басқа көріністі байқаймыз. Әкімнің уәдесі бұл жаққа жетпеген сияқты.
«Тараз-көлік жолы» ЖШС №16677776-ОК1 конкурсын жеңіп алып, Әл-Фараби көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу келісімшартын иеленген. Келісімшарт сомасы 391 миллион теңгеден асады. Тапсырыс беруші – Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Бұл компанияның құрылтайшысы ретінде Ақнәзік Орынбек көрсетілген. Бұған дейін құрылтайшылар қатарында әкімнің анасы Злиха Бексалова да болған. Ал компанияны оның ағасы Бауыржан Орынбеков басқарған. Орынбековтің өзі де кезінде осы құрылымда жұмыс істеген.
ЖШС 2015 жылдан бері жұмыс істейді, 300-ден астам мемлекеттік келісімшартқа ие болып, бюджеттен 18 миллиард теңгеден астам қаржы алған. Яғни негізгі тапсырыс берушілер – әкімдікке қарасты құрылымдар.
Егер әкім отбасылық бизнесті тендерлерден алыстатамын деп уәде берсе, бұл компания қалайша өз әкімдігінен келісімшарт алып отыр?

ӘУЛЕТТІҢ АКТИВЕРІ
Орынбековтер отбасының бизнесі әртараптандырылған. Оларға «Чао-какао» кондитерлік фабрикасы, «Жеңіс» саябағындағы мейрамхана кешені – «Тойқазан» тойханасы мен жазғы «Атриум», TERRAZZA, сондай-ақ бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандар мен құрылыс компаниялары тиесілі.
Сонымен қатар, оның іскерлік байланыстары туралы бұрынғы деректерде, соның ішінде «Самұрық-Қазына» желісі бойынша, оның қыздары Еркежан, Наздами, Ерсайын және ағалары Ғалымжан мен Бауыржан да аталған.
ЭКС-ӘКІМНІҢ ҚОЛДАУЫ
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласының әкімі қызметіне 2022 жылдың қыркүйегінде тағайындалды. Оның бұл қызметке келуі сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолдауымен байланыстырылады.

Білімі бойынша инженер. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» және «Тау-кен ісі» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын жекеменшік секторда бастап, 2000-жылдардың басында «Тараз көлік жолы» ЖШС-ін басқарған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, жол инфрақұрылымы саласында жұмыс істеді. Автомобиль жолдары басқармасында қызмет атқарып, кейін салалық департаментті басқарды, облыстағы құрылысқа жетекшілік етті.
Одан кейін қайтадан бизнеске оралып, кейін квазимемлекеттік секторға өтті. «Волковгеологияда», мемлекеттік материалдық резервтер жүйесінде, кейін «Тау-Кен Самұрықта» басшылық қызметтер атқарып, жобалық офис жетекшісі және басқарма төрағасының міндетін атқарушы деңгейіне дейін көтерілді.
Сонымен қатар бірқатар компаниялардың директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамында болды, оның ішінде «Шалқия Цинк ЛТД» да бар.
Әкім болып тағайындалғанға дейін Орынбековтің бизнесте де, мемлекеттік активтерді басқару жүйесінде де тәжірибесі болған.
Кезінде ол отбасылық бизнесті тендерлерге жібермеймін деп уәде берген еді.
Ulysmedia.kz редакциясы Тараз қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдап, бұл уәденің неге орындалмағанын сұрамақ.