×
461.55
540.38
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.55
540.38
6.15

Тамақтан артылмайды: қазақстандықтардың табысы азайды

Бүгін, 18:40
Тамақтан артылмайды: қазақстандықтардың табысы азайды
Ulysmedia.kz коллажы

Адамдардың жалпы шығындарының ішінде азық-түлікке кететін ақша артып отыр. Бұған халық табысының азаюы себеп. Соның салдарынан қазақстандықтар үнемдеп, бұрынғыдай көп жұмсамай, шығындарын қысқартуға мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үнемдеу режимі

Halyk Finance сарапшыларының шолуында 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың нақты табысы 1,7%-ға төмендегені айтылған. Әлеуетті экономикалық өсім туралы жиі айтылғанымен, ол халықтың әл-ауқатын арттырмаған. Сарапшылар мұны өсімнің едәуір бөлігі мұнай кірістеріне сүйенуімен байланыстырады. Ал ол табыс барлық тұрғындарға бірдей жетпейді. Сонымен қатар экономикалық өсім табыс деңгейінің артуына бірден әсер етпейді, оған уақыт керек.

Табыстың азаюы тұтыну әдеттерін де өзгерткен. Нәтижесінде азық-түлікке кететін шығын үлесі артса, киім-кешек, тұрмыстық техника және басқа да күнделікті қажеттілігі төмен тауарларға жұмсалатын қаржы қысқарған. Яғни көптеген отбасы үнемдеу тәртібіне көшіп, қосымша шығындарды азайтуға мәжбүр болған.

Жалпы алғанда, 2025 жылы қазақстандықтардың шығындары 1,1%-ға төмендеген. Бұл бағаның қымбаттауынан емес, табыстың азаюынан болған жағдай.

Halyk Finance-тің аға сарапшысы Арслан Ароновтың айтуынша, азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесінің 50%-дан асуы елдегі экономикалық тұрақтылықтың әлсірегенін көрсетеді.

«Азық-түлікке жұмсалатын шығынның 50 пайыздан жоғары болуы халықаралық зерттеулер мен экономикалық теорияда азаматтардың ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылық әлеуетінің төмендеуін көрсетеді. Бұл халықтың адами капиталға инвестиция салу, демалыс және ұзақ пайдаланылатын тауарларды сатып алу мүмкіндігінің шектелгенін білдіреді», – дейді Halyk Finance-тің аға талдаушысы Арслан Аронов.

Кім кінәлі? 

Жоғары инфляция қазақстандықтардың табысын біртіндеп азайтып жатыр. Соның салдарынан нақты жалақы деңгейі де төмендеп келеді. Елдегі жалпы табыстың 74,9%-ын жалақы құрайды, ал ол инфляция деңгейіне сай индекстелмесе, бұл бірден отбасылардың қаржылық жағдайына әсер етеді. Мәселен, 2025 жылы нақты жалақы 1,4%-ға қысқарған.

Табыстың азаюын әлеуметтік төлемдер, зейнетақы мен шәкіртақы арқылы өтеу де толық нәтиже бермеген. Әлеуметтік төлемдер жыл ішінде 3,1%-ға, ал зейнетақы 6,4%-ға артқанымен, нақты құн тұрғысынан жәрдемақылар 11,7%-ға төмендеген.

Сонымен қатар, елдегі шығындардың 6,5%-ы несиелерді өтеуге жұмсалады. Бұл көрсеткіш аса жоғары болмаса да, мәселе несие құрылымында болып отыр. Қазақстанда көптеген отбасы жоғары пайызбен тұтынушылық несие алады.

Дамыған елдерде қарызды өтеуге кететін шығын үлесі жоғары болғанымен, ол көбіне ипотекаға байланысты және ол елдерде азық-түлікке жұмсалатын шығын әлдеқайда төмен.

Не істеу керек? 

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, экономикалық өсімнің қазақстандықтардың табысын арттыруға нақты әсер етуі үшін құрылымдық мәселелерге назар аудару қажет. Атап айтқанда, еңбек өнімділігін көтеру, жеке инвестицияларды көбейту және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру маңызды бағыттар ретінде аталады.

Сарапшылар бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда бір адамға шаққандағы орташа шығын 9,9%-ға артқанын, ал табыс өсімі 9,2%-бен шектелгенін де атап өткен. Яғни шығын табыстан жылдамырақ өсіп отыр.

Серіктес жаңалықтары