×
462.91
542.16
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.91
542.16
6.16

Бітімгер: АҚШ-Иран қақтығысында Пәкістан қалай маңызды алаңға айналды

Бүгін, 14:32
Бітімгер: АҚШ-Иран қақтығысында Пәкістан қалай маңызды алаңға айналды
фото: globalsportnews.site

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғалы Пәкістанның бітімгерлікке бағытталған қадамдары назардан тыс қалған жоқ. Исламабад бірнеше рет тараптар арасында бейбіт ұсыныстарды жеткізіп, қарсы тұрған жақтарды келіссөз үстеліне отырғызуға күш салды. Сәуір айының басында Исламабадта өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермегенімен, ел Иран мен АҚШ тарапынан шиеленісті бәсеңдетуге қатысты келісімге келтіру бағытында елеулі қолдауға ие болып отыр.

ИСЛАМАБАД СЕНІМГЕ ҚАЛАЙ ИЕ БОЛДЫ?

Пәкістандағы Initiate Futures талдау орталығының аға сарапшысы әрі Аймақтық зерттеулер институтының Батыс Азия бағдарламасының жетекшісі Ханнан Хуссейн  Парсы шығанағындағы елдер Пәкістанның рөліне жоғары сеніммен қарайтынын айтады. Anadolu жариялаған материалында сарапшы Пәкістанның неге маңызды бітімгерге айналғанын және оған әсер еткен факторларды талдаған.

Оның пайымынша, біріншіден, Исламабад Парсы шығанағындағы елдер мен АҚШ-қа жақын дәстүрлі делдалдарға тән шектеулерге ұшырамайды. Мысалы, Пәкістан аумағында АҚШ-тың әскери базалары жоқ. Бұл Тегеранның сенімін арттыратын маңызды фактор. Себебі Иран бұған дейін Оман мен Катар сияқты елдерді АҚШ-тың шабуылдарына жанама қолдау көрсетті деп айыптаған.

Пәкістан бұл сенімді сақтап қалу үшін әскери тұрғыда қандай да бір қатысы бардай әсер қалдырмауға тырысады — тіпті жанама қолдау білдіруден де бас тартады. Әйтпесе, өзі де соққы нысанасына айналуы мүмкін.

Екінші жағынан, Исламабад географиялық тұрғыдан да қолайлы алаң саналады. Ол негізгі қақтығыс аймақтарынан алыс орналасқан. Мысалы, Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс Таяу Шығыс елдерінің экономикасына алаң туғызғаны белгілі. Ал Пәкістан мұндай қауіпті аймақтарға жақын емес.

Бұл АҚШ келіссөз жүргізушілері үшін де маңызды. Олар Иранның ықтимал шабуылына ұшырауы мүмкін өңірлерден сақ болуға тырысады. Ал Тегеран үшін де қауіпсіз орта қажет, себебі оның жоғары басшылығы бұған дейін шабуылдардың нысанасына айналған. Осы тұрғыдан алғанда, Исламабад келіссөз жүргізуге қолайлы әрі қауіпсіз алаң ұсынды.

Парсы шығанағы елдері де Пәкістанға сенім білдіреді. «Исламабад келіссөздері» қарсаңында Сауд Арабиясы, Түркия және Мысырмен бірге аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға қатысқан. Сонымен қатар Пәкістан Сауд Арабиясымен және Біріккен Араб Әмірліктерімен тығыз байланыс орнатқан. Ел басшылығы көпвекторлы сыртқы саясаттың мүмкіндігін пайдаланып, Катар сияқты елдерге жедел сапарлар жасап, шиеленісті төмендету мүмкіндіктерін қарастырып келеді.

Сондай-ақ Пәкістан АҚШ президенті Дональд Трамппен тікелей байланыс орната алатын санаулы елдердің бірі саналады. Трамп та бұл ел басшылығына қолдау білдірген.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК

Осындай жақын байланыстар Исламабадқа АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қажетті түрлі бейбіт ұсыныстарды тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл процесс Оман, Катар, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт сияқты негізгі серіктес елдердің ұстанымдарын ескеруге жағдай жасайды.

Пәкістанның Иранмен географиялық жақындығы да маңызды рөл атқарады. Екі ел арасында терроризмге қарсы ынтымақтастық, діни қауымдастықтарды қолдау және энергетикалық байланыстар бар. Экономикасы әлсіздеу ел үшін мұндай жағдайда бітімгерлік — стратегиялық маңызы бар міндет.

Экономикалық тәуекелдер мен сыртқы қарыз алу мүмкіндігінің шектеулі болуы да Пәкістанның бұл мәселеге бейжай қарай алмайтынын көрсетеді. Ормуз бұғазындағы шиеленіс жаһандық энергия нарығына әсер етеді, ал бұл өз кезегінде Пәкістанның да энергиямен қамтылуына тікелей ықпал етеді. Ел табиғи газдың басым бөлігін Парсы шығанағындағы мемлекеттерден импорттайды.

Осы фактор Пәкістанның бітімгерлік әрекеттеріне қосымша маңыз береді, өйткені бұл тек сыртқы саясат емес, ішкі тұрақтылыққа да қатысты мәселе.

Пәкістанның Қытаймен тығыз қарым-қатынасы да оның рөлін күшейтеді. Бұл екі елдің шиеленісті азайтуға және келіссөздерді қайта жандандыруға бағытталған «бес тармақтан тұратын» бейбіт жоспары арқылы көрініс тапқан.

Сонымен қатар Пәкістан біржақты санкцияларға қарсы ұстанымымен, халықаралық құқықты құрметтеуімен және Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыста бейтарап болуға тырысуымен ерекшеленеді. Бұл оның бітімгерлік әлеуетін күшейтіп, БҰҰ қағидаттарына сай келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді.

Осының бәрі — біртіндеп ілгерілейтін бейбіт үдеріс, географиялық артықшылықтар, энергетикалық мүдделер және Тегеран мен Вашингтонмен дипломатиялық жақындық — Пәкістанға АҚШ–Иран қақтығысында маңызды делдал ретінде орнығуға мүмкіндік беріп отыр.

Еске салайық, Тегеран мен Вашингтон арасындағы соңғы келіссөздер 11–12 сәуір күндері өтті. Алайда тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ұстанымдары сәйкес келмегендіктен, ортақ шешімге келе алмады. Иран бұл мәселені кезең-кезеңімен қарастыруды ұсынып отырса, Трамп әкімшілігі оны бірден шешуді талап етеді.

Серіктес жаңалықтары