×
462.91
542.16
6.16
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
462.91
542.16
6.16

«Шетелге тур алған тиімдірек»: Қазақстан ішінде ұшу неге қымбат

Бүгін, 10:08
«Шетелге тур алған тиімдірек»: Қазақстан ішінде ұшу неге қымбат
Фото: ЖИ

Қазақстандықтар әуе билеттерінің құны мерекеге, маусымға байланысты бірнеше есе қымбаттап кететінін айтып жиі шағымданады. Желі қолданушыларының шағымын Ulysmedia.kz Көлік министрлігіне жеткізді.

АТЫРАУДАН ҚОСТАНАЙҒА ҰШУ – 336 МЫҢ ТЕҢГЕ

Ақбата Әнуар есімді қолданушы Threads парақшасында Семейден Алматыға ұшу үшін билетінің құнына шүйлікті.

– Неге ұшаққа билет қымбат? 30-40 мың теңге болса жарайды. Бірақ 60 мың теңге деген не сұмдық? Шетелге емес, Семейден Алматыға бару үшін осынша сұрап тұр,– деп жазды ол.

Жазбаға пікір білдірушілер де, Алматыдан Астанаға билетті 80-170 мың теңгеге алып жүргендерін, ал Будапештен Парижге небары 14 мың теңгеге ұшуға болатынын айтады.

– Атыраудан Қостанайға бару үшін екі жастағы балам екеуміз 336 мың теңге төледік. Бұл ақшаға Стамбұлға тұтас тур сатып алуға болар еді, – дейді Орынгүл Қалмырза есімді қолданушы.

НАРЫҚТАҒЫ БАҒАҒА ШОЛУ

Желі қолданушыларының бірі орынсыз бағаға әуе компанияларындағы монополияны кінәласа, енді бірі «Билет қымбат емес, халықтың табысы төмен» деп жазуда. Біз әуе компанияларының сайттарына кіріп, нарықтағы бағаны зерттеп көрдік. Байқағанымыздай, Алматыдан Астанаға ұшу бағасы жай күндері 26-30 мың теңге болса, мереке күндері бұл баға екі есеге қымбаттайды. 50-55 мың теңгеге жетеді. Бұл тек лоукостер ұсынған баға.

Желі қолданушылары шағымданған Атырау-Қостанай бағытын да тексеріп көрдік. Ұшу бір адамға 90-100 мың теңге екен. Бұл баға рейс жақындағанда тағы қымбаттауы мүмкін. Ал жүк бөлек есептеледі.

ШЕНЕУНІКТЕР НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia.kz Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне ресми сауал жолдап, әуе билетінің неге қымбат екенін сұрады. Министрліктің айтуынша, Қазақстанда әуе билеттерінің құнын әуе компаниялары нарықтық жағдайлар бойынша белгілейді және тікелей мемлекеттік реттеуге жатпайды.

– Сонымен қатар, әуе билеттерінің бағасын «жоғары» деп бағалау салыстырмалы сипатқа ие және нақты бағытқа, сатып алу мерзіміне және тариф шарттарына байланысты. Халықаралық тәжірибеде, соның ішінде Қазақстанда да, әуе билеттерінің құны динамикалық баға белгілеу тетіктерін қолдану арқылы қалыптастырылады. Осыған байланысты тасымал құны билетті сатып алу уақытына, маусымға, рейстің жүктелуіне, нақты бағытқа деген сұранысқа, тарифтік шарттарға, маршруттағы бәсекелестікке байланысты, – дейді шенеуніктер.

Ведомствоның түсіндіруінше, әуекомпанияның операциялық шығындарына, оның ішінде авиациялық отынның құнына, техникалық қызмет көрсетуге, әуе кемелерін лизингке алуға, әуежай және аэронавигациялық қызмет көрсету шығындарына қарай да баға өзгеруі мүмкін.

– Осылайша, әуе билеттерінің құны әрбір нақты маршрут бойынша нарықтық және өндірістік факторлардың жиынтығымен айқындалады,– дейді Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті.

Серіктес жаңалықтары