×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

Су тапшылығы болмай ма? Қапшағай қоймасы 98%-ға толды

Бүгін, 14:25
Су тапшылығы болмай ма? Қапшағай қоймасы 98%-ға толды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қапшағай су қоймасы 98%-ға толды. Қазір онда 18,04 млрд текше метр су жиналған. Бұл туралы Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

CУ ҚОРЫ ЖЕТЕ МЕ?

Мұндай көлемдегі су Ақдала және Шеңгелді ауылдық округтеріндегі егіс алқаптарын толық суаруға мүмкіндік береді.

Қапшағай су қоймасы Іле өзені ағынын реттейді. Өзен Балқаш көліне құяды. Вегетациялық емес кезеңде су қоймасынан көлге шамамен 4 млрд текше метр су жіберілген.

Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов Қазақстанның Қытай тарапымен трансшекаралық өзендер, соның ішінде Іле өзені бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

«Біз трансшекаралық өзендер, оның ішінде Іле өзені мәселесі бойынша қытайлық әріптестермен тұрақты байланыстамыз. Екі елдің үйлесімді жұмысының арқасында Алматы облысының диқандары соңғы үш жыл бойы суару суымен тұрақты қамтамасыз етіліп келеді», – деді Нұрымбетов.

КОНТЕКСТ

Біз бұған дейін Қапшағай мен Іле бойындағы жерлерге қатысты заңбұзушылықтар анықталғанын жазғанбыз.  

Прокуратура екі жер учаскесі бойынша заңбұзушылық анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыз түсірген. 

Сонымен қатар, тағы екі учаске бойынша да сотқа талап-арыз дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сөзінше, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау жолағына кіретін өзге учаскелер бойынша да прокуратура мен уәкілетті органдардың тексерістері жалғасып жатыр.

— Бұл учаскелердің артында аймақтағы ықпалды адамдар тұр. Алайда біз үшін ең бастысы – заңдылық пен әділдікті қорғау, – деді Бақытжан Базарбек.

Серіктес жаңалықтары