Әлем елдері MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларын іздестіріп жатыр. Кемеде қауіпті хантавирус індеті тіркелгеннен кейін кейбір жолаушылар инфекция туралы ақпарат жария болмай тұрып лайнерден түсіп кеткен. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Reuters агенттігі жазды. ДДҰ мәліметінше, бортта үш адам көз жұмған – Нидерландтан келген ерлі-зайыпты және Германия азаматы. Тағы сегіз жолаушы, оның ішінде Швейцария азаматы вирус жұқтырды деген күдікке ілінген.
Бортында шамамен 150 адам бар лайнер қазір Кабо-Верде жағалауында дрейф жасап жүр. Кеме Испанияның Тенерифе аралына бағыт алған, сенбі күні жетеді деп жоспарланған.
ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ІЗДЕУДЕ
Нидерланд билігі шамамен 40 адамның аралық аялдама кезінде Әулие Елена аралында лайнерден түскенін хабарлады. Олардың қазіргі орналасқан жері әзірге белгісіз.
Солардың арасында қаза тапқан азаматтардың бірінің жұбайы да болған. Ол сапар барысында өзін жайсыз сезініп, Нидерландқа оралмай тұрып көз жұмған. Бұған дейін оның жағдайы нашарлағандықтан, KLM әуе компаниясының Йоханнесбургтен ұшатын рейсіне жіберілмеген.
ХАНТАВИРУС ТУРАЛЫ
Науқастардан хантавирустың анд штамы анықталған. Бұл вирус адамнан адамға өте жақын байланыс кезінде жұғуы мүмкін. Алайда мамандар мұндай жағдайлар өте сирек кездесетінін айтады.
Соған қарамастан, жағдай санитарлық қызметтердің ерекше бақылауына алынған. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы халық үшін қауіп деңгейі өте төмен екенін мәлімдеді.
Францияда бір азаматтың вирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды, бірақ әзірге онда ауру белгілері байқалмаған.
ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНДЫ?
Круиз басталған Аргентина билігі инфекция көзі болуы мүмкін кеміргіштердің бар-жоғын тексеріп жатыр.
Үш науқас лайнерден эвакуацияланды. Бірі Нидерландта, екіншісі Германияда ем қабылдап жатыр. Үшінші адам өмірді қамтамасыз ету жүйесіндегі ақауға байланысты рейсі кешігіп, Нидерландқа кейінірек жеткізілмек.
Тенерифеге жеткен соң дені сау жолаушыларды елдеріне қайтару жоспарланған. Испанияның 14 азаматы Мадридтегі әскери госпитальде карантинге орналастырылады.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Атлант мұхитындағы круиздік лайнерде тіркелген хантавирус індеті COVID-19 секілді пандемияның басталуына ұқсамайтынын мәлімдеген еді.