Кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеу керек деген үйреншікті қағида бәріне бірдей келе бермейді. Мамандардың пікірінше, зат алмасу мен ұйқының сапасы үшін кешкі асты нақты қай сағатта ішкеннен гөрі, соңғы тамақтану мен ұйқыға жатудың арасы қанша уақыт болғаны маңызды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Peterburg2.ru ғылыми зерттеулерге сүйеніп жазғандай, кешкі асты ұйықтардан үш-төрт сағат бұрын ішкен жөн. Мәселен, әдетте сағат 23:00-де ұйықтайтын адамға соңғы негізгі асын шамамен 19:00–20:00 аралығында ішу ұсынылады.
Бұл ағзаның ішкі биологиялық сағатының жұмысымен байланысты. Тәуліктік ырғақтар гормондардың бөлінуі мен тәбетті қоса алғанда, көптеген үдерісті реттейді. Тіндердің инсулинге сезімталдығы да тәулік бойы өзгеріп отыруы мүмкін. Тамақтану уақыты ағзаның тағамнан алған калорияны қалай пайдаланатынына да әсер етеді.
Cell Metabolism ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар калориясы бірдей тағамды тәуліктің әр уақытында жеудің әсерін зерттеген. Нәтижелер кеш тамақтану аштық сезімін күшейтіп, ағзаның энергия жұмсау және май жинау үдерістерін өзгертуі мүмкін екенін көрсеткен. Демек, қанша тамақ жегеніміз ғана емес, оны қай уақытта жегеніміз де маңызды.
Кешкі асты ертерек ішуге мүмкіндік болмаса, мамандар ұйықтар алдында тойып тамақтанбауға кеңес береді. Аз мөлшерде ақуызға бай тағам мен көкөніс жеп, ал асқазанға ауыр тиетін ас пен тәттіні көп жеуді басқа уақытқа қалдырған дұрыс.
Ұйықтайтын уақыт жақындап қалса да, қарныңыз ашса, аздап тіскебасар жеуге болады. Мақалада соның бір нұсқасы ретінде бір стақан айран аталған. Дегенмен тағамды әркім өз ағзасының көтеруіне және қажеттілігіне қарай таңдауы керек.