Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунттарға қарсы ауқымды тазарту басталды. Соның салдарынан әлемдік жұлдыздар мен блогерлер бірнеше сағат ішінде миллиондаған жазылушысынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Yahoo Creators мәліметінше, платформа бірнеше сағат ішінде шамамен 50 миллион аккаунтты өшірген. Тазарту жұмыстары Meta компаниясының фейк парақшалармен күреске арналған жаңа жүйесін енгізгеннен кейін басталды.
МИЛЛИОНДАҒАН ОҚЫРМАНЫН ЖОҒАЛТТЫ
Ең көп жазылушы жоғалтқан – Кайли Дженнер. Оның парақшасынан 15 миллион оқырман өшірілген.
Сонымен қатар Криштиану Роналду 8 миллион, Ариана Гранде 7 миллион, Селена Гомес 6 миллион, ал Тейлор Свифт 5 миллион жазылушысынан айырылған.
Музыкалық топтардың ішінде Блэкпинк аудиториясының азаюы ерекше назар аудартты. Дереккөздерге сүйенсек, топ шамамен 10 миллион оқырманын жоғалтқан. Қолданушылар Би-ти-эс тобының да жазылушылары азайғанын байқаған.
ҚАРАПАЙЫМ БЛОГЕРЛЕР ДЕ ЗАРДАП ШЕКТІ
Жаппай тазарту қарапайым контент авторларына да әсер еткен. Кейбір блогерлер бірнеше жүзден ондаған мыңға дейін оқырманынан айырылғанын жазып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, шағын және орта деңгейдегі контент жасаушылар аудиториясының орта есеппен 2-5 пайызы өшірілген.
ҚАНДАЙ АККАУНТТАРДЫ ӨШІРУДЕ?
Компанияның жаңа алгоритмдері белсенді емес парақшаларды, аватары мен сипаттамасы жоқ профильдерді, бот арқылы ашылған аккаунттарды және арнайы сервистер арқылы қолдан көбейтілген жазылушыларды анықтап, өшіріп жатыр.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгеріс әлеуметтік желідегі жалған белсенділікті азайтып, шынайы аудитория көрсеткішін қалыптастыруға бағытталған.