Белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болман басынан өткен оқыс жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Болманов әлеуметтік желідегі парақшасында өзін ат сүйреп кете жаздағаны жайлы жазды.
“Атқа мініп өскен балалармыз… “Сырын білмеген аттың, сыртынан жүрме”,- деген. Шыбын шағып алды ма жануарды, оқыстан тебініп, басымен басымды соғып, “нокдаун” алып, енді жүгенді тартқан сайын көзі аларып, мөңки бастағанда,үркек аттан бәрін күтуге болады. Лақтырып тастап, шауып жөнелсе, аяғың үзеңгіде, басың жерде, аяғыңды босатып алу-мүмкін емес ! Тау-тасқа сүйреп кетуден тайынбайды. Бар ойым үзеңгіден шығып кету болды. Өсіп қалған ұлдарыма, кешегі мерекеде қала сыртына шығып, атқа мінгізіп, ер жігіттік еңселерін бір тіктеп алуды ойлаған едім. Ауыздығын бермейтін шу асау маған түсті. Ол да Алланың болысқаны. Жанұшырған жылдамдықпен жерге өкшеммен түстім. Дәрігер сүйектері шытынаған өкшемді гипсқа салды”, – деді ол.
Алматыдағы концерт өтпей ме?
Әншінің айтуынша, бұл жағдай Алматыдағы концертке еш кедергі болмайды.
“Санаулы күндер қалғанда кішігірім сынақ болды бұл. Қақатымның құрбандық шалып жатқан себебі де, осы. Елімнің алдына еңбектесем де шығарым анық. Оның үстіне, мың бұралып билейтінім де шамалы. 12 мамыр Республика сарайы Біз- сахнада, Сіздер – залда ән тербеткен жүрекпен, жарқын жүз, шат-шадыман көңілмен, ду- ду шапалақпен қауышқанша, күн жақсы болсын, тілекшілерім!”, – деп жазды продюсер.