×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Сайлау: Сот кандидат ретінде тіркеле алмаған Думан Мұхаммедкәрімнің өтінішін орындамады

05.02.2023, 13:29
Ашық дереккөз

4 ақпанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркеу талабын қанағаттандырмады. Сот №12 бірмандатты аумақтық сайлау округінің шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот үкім шығарғанға дейін тараптарға бұл мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынды. Аумақтық сайлау комиссиясының өкілі бұған келіспеді.

"Әкімшілік мәселе ғана болса, сот үкіміне дейін бейбіт түрде шешуге қалай қарайсыз?" деген соттың сұрағына сайлау комиссиясының өкілі соттың үкімінсіз мәселені шешу мүмкін емесін айтты.

"Өйткені біз Мұхаммедкәрімді кандидат ретінде тіркесек, мәжіліс депутаттығына кандидатқа қойылатын ел аумағында кейінгі 10 жыл тұрақты тұру талабы жазылған Конституцияның 51-бабы, 4-тармағына қарсы шыққан боламыз" деді №12 бірмандатты аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ұлтусын Бархинова.

Ол Мұхаммедкәрімнің ел аумағында тұрақты тіркеуі жоқ бола тұра, бір күн Қырғызстан аумағында болғанын да алға тартты.

"Ол бір күн – 2022 жылғы 6 қаңтар. Сол кезде Қазақстан аумағында интернет өшті. Қырғызстанға журналистік жұмысымды орындау үшін бардым. 6 қаңтар күні сол елдің аумағына кіріп, интернетке материал жүктеп, келесі күні – 7 қаңтарда елге оралдым. 2016 жылы 10 күнге Түркияға отбасыммен демалуға барып-келдім" деді Мұхаммедкәрім.

Сотта Мұхаммедкәрім кейінгі 10 жылда Қазақстаннан басқа елде тұрақты тұрмағанын шекара қызметінен алынған анықтамамен дәлелдеп бақты. Анықтамада Мұхаммедкәрімнің кейінгі 10 жылда 11 күн (10 күн Түркияда, 1 күн Қырғызстанда) шетелде болғаны көрсетілген.

Журналист бұған дейін Азаттыққа елде сегіз ай тіркеуде болмау себебін былай түсіндірген еді:

“Жұмыс бабымен өзге қалаларда тұрған кезде сол жақта уақытша тіркеліп жүрдім. Бұған дейін Астана қаласында пәтер жалдап тұрғанымда, пәтер иесі мені уақытша емес тұрақты тіркеуге қойған екен. Сөйтіп, пәтерден кеткеннен кейін, мені тіркеуден де шығарып жіберген. Мен оны кейін көлік алғанда, арада сегіз ай өткенде бір-ақ білдім”, – деді Мұхаммедкәрім.

Ал аумақтық сайлау комиссиясының өкілі ел ішінде сегіз ай еш жерде тіркеуде тұрмаған адам депутаттыққа кандидат бола алмайтынын айтты.

Сотта көші-қон полициясының өкілі қалыс қалды. Еш тарапты қолдамайтынын, ішкі істер министрлігінің деректер базасындағы мәліметті ғана ұсынғанын айтты.

Ал прокурор Қазақстанда "тұрақты тұру" мен "тұрақты тіркеу" ұғымы тең екенін мәлімдеді. Ол Азаматтық кодекстің 16-бабына сілтеп, азаматтың тұрақты немесе көбіне тұратын елдi мекені оның тұрғылықты жерi деп танылады деді.

Сонымен қоса прокурор Мұхаммедкәрім бұрын сотталғанын (ҚК 325-бабы, "экология талаптарын бұзу") алға тартып, сол үшін мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруға лайық емес деп, соттан оның талабын қанағаттандырмауды сұрады.

Сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді кандидат ретінде тіркемеген бірмандатты аумақтық сайлау округінің шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мұхаммедкәрім сот шешімін мойындаудан бас тартты. Ол сайлау комиссиясының шешімі заңсыз, ал соттың мұндай шешім шығаруы заң мен халықты елемегені дейді. Оның пікірінше, сот талапты қанағаттандырса, "жүйе әлсіз екенін мойындаған" болар еді.

Бүгін, 4 ақпанда алматылық белсенді дәрігер Қайырғали Көнеев те дәл осындай себеппен мәжіліс депутаттығына кандидат болып тіркеле алмады. Алматыдағы №5 бірмандатты аумақтық сайлау округі оған "кейінгі 10 жыл ішінде 1,5 ай көлемінде еш мекенжайда тіркелмегенсің" деген уәж айтқан.

Елдегі денсаулық сақтау саласын жиі сынайтын, осы саладағы жемқорлық туралы көп айтатын белсенді бұған дейін сенат сайлауына да осы себеппен қатыса алмаған. Ол да сайлау комиссиясының үстінен сотқа шағымданған. Белсенді еш жерде тіркеусіз жүрген 1,5 айда Алматыда тұрғанын, сол кезде емханада жұмыс істегенін алға тартқан. Бірақ сот сайлау комиссиясының шешімін өзгертпеді.

Алматылық белсенді, заңгер Әлнұр Ілияшев та 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауы депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады. Алматыдағы №4 бірмандатты аумақтық сайлау округі оны "Сайлау туралы" заңның 4-бабына сай "өтелмеген соттылығы бар тұлғалар сайлауда кандидат бола алмайды" деген себеппен тіркемеген. Белсенді сайлау округінің шешіміне наразы болып, сотқа жүгінген. Кеше, 3 ақпанда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот оның да талабын қанағаттандырмады.

Атыраулық белсенді Макс Боқай да 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына кандидат болып тіркеле алмаған. Атырау облысының №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі Боқайдың "өтелмеген соттылығы бар" деген уәж айтқан. Белсенді бұл шешімге келіспейді.

Қазақстанда мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады.

Серіктес жаңалықтары