Атырау облысының Жангелдин ауданындағы бір отбасының өліміне қатысты атышулы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Іс бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Ақжайық» басылымының жазуынша, Сұлтан Сәрсемалиев іс материалдарымен танысқан. Төрт адамды өлтіру дерегі бойынша тағылған айыпты мойындаған. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бойынша айып тағылған.
Бұдан өзге, Сәрсемалиевке «Ұрлық» және «Алаяқтық» баптары бойынша айып тағылған. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату және банк карталарындағы қаражатты жымқыру туралы болып отыр.
КОНТЕКСТ
Атырау облыстық прокуратурасы бұған дейін психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, Сұлтан Сәрсемалиевтің «есі дұрыс» деп танылғанын хабарлаған.
Наурыздың басында істе бойынша күдікті ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілген болатын. Олар Индонезияда ұсталған. Күдіктілер алдымен этаппен Mалайзияға жеткізіліп, кейін Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған.
Биыл наурызда Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында Сәрсемалиев әйелімен бірге жалдап тұрған тұрғын үй ауласынан Наурыз бен Мирамгүлдің денесі табылған.