Әлем халқы көбейіп жатқанымен, кейбір дамыған мемлекеттер демографиялық дағдарыс алдында тұр. Сарапшылардың айтуынша, адамзатқа төнген ең үлкен қауіп соғыс немесе ашаршылық емес, бала туу көрсеткішінің күрт төмендеуі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазіргі таңда Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Еуропаның бірқатар елдерінде халық қартаюы үдеп барады. Жастардың отбасын құруға және бала сүюге асықпауы салдарынан кәрі адамдар саны артып, еңбекке қабілетті тұрғындар азайып келеді. Кей сарапшылар мұндай үрдіс жалғаса берсе, бүгінгі технологиялық жетістіктердің жемісін келешек буын көрмей қалуы мүмкін деп алаңдайды.
Демографиялық қысымды еңсеру үшін Қытай роботтандыруға ерекше басымдық беріп жатыр. Мәліметке сәйкес, 2050 жылға қарай елде адам тәріздес роботтардың саны 300 миллионнан асуы мүмкін. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.
Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қытайда жыл сайын миллиондаған адам еңбек нарығынан кетіп жатыр. Екіншіден, 2035 жылға дейін 60 жастан асқан азаматтар саны 400 миллионға жетуі ықтимал.
Сонымен қатар елдегі туу көрсеткіші де төмендеген. Мәселен, 2016 жылы Қытайда 17 миллионнан астам сәби дүниеге келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 9 миллионнан сәл ғана асқан.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі Z ұрпағы ауыр өндірісте ұзақ уақыт жұмыс істеуге құлықсыз. Оның орнына жастар IT, қызмет көрсету және креативті салаларды таңдауда. Соның салдарынан зауыттардағы жұмыс күшінің тапшылығы роботтар арқылы толтырылып жатыр.
БҰҰ болжамы бойынша, әлем халқы қазір 8 миллиардтан асса, 2050 жылға қарай 10 миллиардқа жетуі мүмкін. Алайда жалпы өсімге қарамастан, кей мемлекеттердің халқы күрт азайып барады.
Алдағы 20-30 жылда халқы ең жылдам қысқаруы мүмкін елдердің көшін Болгария бастап тұр. Сарапшылар бұл елдегі халық саны шамамен 20%-ға азаюы мүмкін дейді. Бұған жастардың жаппай Еуропа елдеріне көшуі әсер еткен.
Сондай-ақ Латвия мен Литва тәуелсіздік алғаннан бері халқының төрттен бірінен айырылған. Украинадағы соғыс, Сербиядағы көші-қон, Молдовадағы кедейлік пен жемқорлық, Хорватиядағы ұзақмерзімді демографиялық құлдырау да халық санының азаюына ықпал етіп отыр.
БҰҰ деректеріне сәйкес, демографиялық қауіп жоғары елдер тізімі:
Мамандардың айтуынша, демография мәселесі әсіресе дамыған елдер үшін өзекті болып отыр. Көптеген мемлекет бала туу көрсеткішін арттыру үшін миллиардтаған қаржы бөліп жатқанымен, әзірге бұл саясат айтарлықтай нәтиже бермей келеді.