×
$
443.62
€
492.24
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.62
€
492.24
₽
5.36

Ресей райынан қайтты ма? Путин Украина бойынша келіссөзге Еуропаны қосуды құптады

Бүгін, 10:00
Ресей райынан қайтты ма? Путин Украина бойынша келіссөзге Еуропаны қосуды құптады
Кремль

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге Еуропа елдерін қосуды сынап көруге дайын. Бұл туралы АҚШ президентінің өкілі Джаред Кушнер Дублинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кушнердің айтуынша, бұл мәселе бір күн бұрын Кремльде Путинмен өткен кездесуде талқыланған. Америкалық тарап Еуропа елдерінің қатысуынсыз түпкілікті келісімге келу мүмкін емес екенін алға тартып отыр, деп жазады Blue News.

– Біз келіссөз үстелінде еуропалықтар болмаса, бұл келісімді жасай алмаймыз. Бұл мәселенің өте маңызды екенін президент Путинге айттық. Президент Зеленский де әу бастан осыған табанды түрде күш салып келеді. Меніңше, Путинмен осы мәселеде ортақ келісімге келдік. Ол мұны сынап көруге дайын, – деді Кушнер.

Сәрсенбіде бұған қарсы болған

Бұған дейін Мәскеу Еуропа елдерін келіссөздерден шеттетіп келген. Қазан айының соңында Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әуелі Ресей, АҚШ және Украина арасында келіссөз өтетінін, ал Еуропа кейін қосылатынын айтқан еді.

6 қарашада ол қауіпсіздік кепілдіктерін белгілі бір кезеңде еуропалықтардың қатысуынсыз талқылау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Алайда Еуропа елдерінің өзі кімнің атынан сөйлейтінін әлі шешпегенін де атап өтті.

Абу-Дабиде өткен келіссөздер кезінде еуропалықтар тыс қалды. Украина мен АҚШ делегациялары олармен бөлек кездескенімен, Ресей тарапымен жүздесуге шақырылмады.

11 қарашадағы келіссөздерден кейін Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский Мәскеу әлі де еуропалықтарды келіссөзге шақырудың себебін көріп отырған жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Еуропа бейбітшілік орнату үшін ешқандай ұсыныс жасамаған.

Кремль әзірше Кушнердің мәлімдемесіне ресми түсінік берген жоқ.

Еуропа атынан бір адам сөйлегенін қалайды

Америкалық тарап Еуропаның атынан бір ғана келіссөз жүргізуші болғанын қалайды.

– Егер Еуропа өз атынан сөйлейтін бір адамды таңдаса, бұл одан да үлкен жетістік болар еді, – деді Кушнер.

Әзірше бұл мәселе бойынша ортақ шешім қабылданған жоқ. Дублинде Еуропаның 40-қа жуық елінің басшысы бас қосқанымен, бірыңғай келіссөз жүргізуші тағайындалмады.

Германия канцлері Фридрих Мерц қазір нақты адамның кім болатынынан гөрі, Путиннің келіссөзге дайын болуы маңызды деп санайды. Ал Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Еуропалық одақ атынан кімнің және қандай өкілеттікпен сөйлейтінін анықтауды талап етті.

Әзірше америкалықтармен келіссөзді Германия, Франция және Ұлыбритания жүргізе алады.

Бұдан бөлек, Кремль әскери тұтқындар алмасу мәселесін түпкілікті келіскен. Зеленскиймен кездесуде америкалық тарап соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру және қауіпсіздік кепілдіктері мәселелерін де талқылады.

– Бұл соғыс көп адамның өміріне әсер етіп отыр. Мыңдаған адамның отбасына оралуы маңызды белес болар еді, – деді Кушнер.

Бұған дейін не болған еді?

Еске салайық, Кушнер мен Уиткоффпен кездесуде Путин Еуропа елдерін бейбітшілік пен соғыстың бірін таңдауға шақырған. Сондай-ақ Ресейдің Еуропамен диалог жүргізуден ешқашан бас тартпағанын айтып, АҚШ-тан бұл бағытта көмектесуді сұраған.

Бұдан бөлек, Путин Константиновка қаласына гуманитарлық миссия жіберуді ұсынған. Оның айтуынша, қалада 400-500 бейбіт тұрғын қалған.

Ал Кремльдегі кездесуден кейін Уиткофф соғысты тоқтату үшін Зеленскийді ұсынылған жолдардың бірін таңдауға көндіруге тырысатынын айтқан еді. АҚШ тарапы үшжақты келіссөздердің келесі кезеңі өтетінін бірден жариялауға үміттенген.

Сізге қызық болуы мүмкін