Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Дональд Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қабылдады. Америкалықтар Мәскеуге бұған дейін Украина және Еуропадағы серіктестерімен талқыланған ұсыныстарды алып келді. Кездесудегі негізгі мәселелердің бірі – Ресей соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге еуропалықтардың қатысуына келісе ме деген сұрақ. Ulysmedia.kz кездесу жайлы толығырақ мәлімет жинап, тараптардың әзірше қандай мәселелер бойынша ортақ келісімге келе алмай отырғанын анықтады.
Путин Трампқа және оның жұбайына алғыс айтты
Келіссөзге Ресей тарапынан президенттің көмекшілері Юрий Ушаков пен Владимир Мединский, сондай-ақ Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысып жатыр.
Стив Уиткофф үшін бұл – Дональд Трамп Ақ үйге оралғалы бері Владимир Путинмен өткізген оныншы жеке кездесуі.
Әңгіме басында Путин Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзді ұйымдастырғаны үшін Трампқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол Мелания Трампқа да Херсон облысындағы Алёшки қаласында гуманитарлық операция өткізуге көмектескені үшін ризашылығын жеткізуді сұрады.
Мелания Трамптың араағайындығымен ол жерде тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуге, сондай-ақ адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік беретін уақытша атысты тоқтату туралы келісім жасалған.
Путин осындай гуманитарлық миссияны Донецк облысындағы Константиновка қаласында да өткізуді ұсынды.
Америкалық делегацияның негізгі мақсаты – Мәскеуді соғысты аяқтау шарттарын одан әрі талқылауға еуропалықтардың қатысуына көндіру. Вашингтон келіссөздерге Еуропа елдерінің бір өкілін қосуды ұсынып отыр. Ресей билігі бұған дейін мұндай форматқа қарсы болған.
Келіссөздерге қатысты ахуал
10-11 қарашада Абу-Дабиде өткен консультациялар барысында тараптар әскери тұтқындарды ауқымды көлемде алмасу жөнінде алдын ала келісімге келген. Оның түпкілікті шарттары әлі талқыланып жатыр.
Кушнер негізгі саяси мәселелер бойынша тараптардың арасында әлі де елеулі келіспеушіліктер бар екенін мойындады.
Мәскеуден кейін Уиткофф пен Кушнер Дублинге барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуді жоспарлап отыр. Америкалық өкілдер оған Путинмен әңгімелесудің нәтижесін баяндап, алдағы қадамдарды талқылауы керек.
Бұған дейін Зеленский 2026 жылдың соңына дейін саяси келісімге қол жеткізуге үмітті екенін айтқан. Алайда ол Ресейге аумақ мәселесі бойынша келіспейтінін мәлімдеген.