×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Продюсер «көкесі» зорлаған Нұрғали Нұғман кім?

Бүгін, 15:41
Продюсер «көкесі» зорлаған Нұрғали Нұғман кім?
Фото: бейнежазбадан скрин

Нұрғали Нұғман есімді жас жігіттің әлеуметтік желідегі мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Ол бала кезінде продюсер тарапынан зорлық көргенін айтса, кейін «Балапан» арнасы бұл оқиғаның телеарнаға қатысы жоғын мәлімдеді. Ал желі қолданушыларының бір бөлігі резонанс тудырған оқиғаның шынайылығына күмән келтіріп отыр. Осыған орай,  Ulysmedia.kz «Балапан» арнасы мен экс-басшысы Ләйлә Сұлтанқызының пікірін білді. Бұл "хайп" болған жағдайда заң бойынша қандай айып тағылатынын анықтап көрді. 

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Видео авторының айтуынша, оқиға оның актерлік мансабындағы алғашқы қадамдары кезінде болған. Нұғманның сөзінше, видеода өзі «көке» деп атаған ер адам қызметтік жағдайын пайдаланып, оған тележобалардан рөл алуға көмектескен. Кейін өз жұмыс кабинетінде зорлық көрсеткен.

– Әдетте түсірілімнен кейін актерлерді арнайы көлікпен үйлеріне апарып тастайтын. Бірақ сол күні көке маған: «Кабинетіме кіре тұр, өзім үйіңе апарып саламын», – деді. Ол кезде мен әлі бала едім, жаман нәрсе ойлаған жоқпын. Сондықтан кабинетте күтіп отырдым. Бірақ ол ішке кіргенде, үстіндегі киімін шеше бастады. Мұның бәрі менің көз алдымда болды. Бұл туралы айту маған өте ауыр. Бір кезде ол мені қатты құшақтап, диванға жатқызды. Мойным мен бетімнен сүйіп, жалады. Кейін үстімдегі киімді шешіп, зорлады. Қатты қорыққаным сонша, не болып жатқанын толық түсінбедім де, – дейді жас жігіт видеода.

Әлеуметтік желі қолданушыларын бұл оқиғаның егжей-тегжейі қатты шошытты. Нұғманның айтуынша, оқиғадан кейін оған бұл туралы жария етсе, енді ешқашан кино мен сериалдарға түсе алмайтыны айтылып, қорқыту жасалған.

«БАЛАПАН» АРНАСЫ ЖАУАП БЕРДІ

Видеода «Балапан» бағдарламасының атауы аталғаннан кейін жағдайға 2012-2017 жылдары аталған арнаны басқарған танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы пікір білдірді. Ол арнаның беделін қорғап, контент өндірісі көбіне аутсорсингтік компаниялар арқылы жүзеге асатынын, сондықтан басшылық барлық қызметкердің жеке әрекетіне жауап бере алмайтынын айтты. Біз тележүргізушіге хабарласып, Нұғманның қай бағдарламаға қатысқанын сұрап көрдік. 

– Бізде ол жылдары өте көп аутсорс компаниялар жұмыс істеген. Шынымды айтсам танымаймын, көрген де емеспін. Бүкіл мәлімет Балапанның өзінде бар. Арнаның абыройы үшін ғана шырылдадым,– дейді Ләйлә Сұлтанқызы. 

«Балапан» телеарнасына да хабарласып көрдік. Телеарна мәліметінше, 2010 жылғы 27 қыркүйекте ашылған арнаның штатында ер адам продюсер қызметін атқармаған.

Сондай-ақ арна өкілдері желі қолданушысы кейінірек жариялаған жаңа бейнеүндеуінде айтылған жайттардың «Балапан» телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты болғанын нақтылағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, ол арна ұжымынан кешірім сұраған.

– «Балапан» телеарнасы азаматтарды тек ресми әрі тексерілген ақпаратқа сүйенуге шақырады. Ал оның қай жылы жобаға қатысқанын нақты айта алмаймыз. Интернеттен «Еркек» деген фильм ғана шығып тұр, – деді арна өкілі. 

Ашық деккөздерде Нұрғали Нұғман «Еркек» фильміндегі басты рөлі үшін 2016 жылдың қыркүйегінде өткен І республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалінде «Үздік актер» номинациясына ие болғаны айтылады. 

НҰРҒАЛИ НҰҒМАН КІМ?

Нұрғали Нұғман өзін әлеуметтік желіде байер әрі кәсіпкер ретінде таныстырады. Ол Қытаймен бизнес жасап, түрлі тауарларды Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанға жеткізумен айналысатынын айтады. Қазіргі таңда Гуанчжоу қаласында жүргенін көрсеткен.

Instagram парақшасында шамамен 8 мыңға жуық оқырманы бар. Парақшасы былтыр тамыз айында ашылған. Онда ол жеке өміріндегі түрлі жағдайларды ашық айтып, эмоциялық сипаттағы тақырыптарды жиі жариялайды. Арасында «Ажырасқанмын», «Қатын алу қиын», «Ағам қайтыс болды», «Қызым тастап кетті», «Қызымнан 15 миллион кредит алдым» секілді жазбалар кездеседі.

Сондай-ақ ол мектептен қуылғанын да әлеуметтік желіде бөліскен. Желі қолданушылары Нұғманның контент жүргізу стиліне назар аударып, оның резонанс тудырған мәлімдемесін де аудитория жинау мен тауар сатудың кезекті тәсілі болуы мүмкін деген пікірлер жазып жатыр. Алайда бұл – әзірге әлеуметтік желідегі қолданушылардың субъективті пікірі ғана.

ХАЙП БОЛСА, ЖАЗА БАР МА?

Егер бұл оқиға әдейі хайп үшін ойдан шығарылғаны дәлелденсе, Қазақстан заңнамасы бойынша бірнеше бап қарастырылуы мүмкін. Ең алдымен құқық қорғау органдары мәлімдеменің жалған не шын екенін тексереді.

Негізгі жауапкершілік Қылмыстық Кодекстың 274-бапы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қаралуы ықтимал. 

Егер адам әлеуметтік желі арқылы қоғамда резонанс тудырып, белгілі бір ұйымның немесе азаматтардың беделіне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны дәлелденсе, заңда:

  • айыппұл,
  • қоғамдық немесе түзеу жұмыстары,
  • бас бостандығын шектеу,
  • кей жағдайда бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Ал егер нақты бір адамның ар-намысына нұқсан келтірілсе, жәбірленуші азаматтық сотқа да жүгіне алады. Мұндай жағдайда моральдық өтемақы талап етуі мүмкін.

Бірақ бұл жерде маңызды нәрсе – әзірге ресми тергеу қорытындысы жоқ. 

Серіктес жаңалықтары