Қайрат Сатыбалды ұзақ үзілістен кейін қайтадан жұрт назарына ілікті. Сотталған олигарх Алматыдағы әскери колледжге барып, курсанттармен кездескен. Оның бұл сапары мен жастарға айтқан сөздері қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МОБИЛОГРАФ ЕРТІП ЖҮР
Белгілі болғандай, кездесу 8 мамыр күні өткен. Ресми түрде ол оқу орнын тәмамдаған түлектердің 40 жылдық кездесуіне арналған. Қайрат Сатыбалды бұл колледжді 1986 жылы бітірген.
Сапар кезінде Сатыбалды делегация құрамында мобилограф ертіп жүрген. Видеода оның әр қадамы түсіріліп отырғаны байқалады. Алайда колледж әкімшілігі түсірілімге қатысы жоғын айтып, мұны тек оқу орны түлегіне көрсетілген қонақжайлық деп түсіндірген.
Колледж өкілдерінің сөзінше, оқу орнының түлектері жыл сайын Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қою үшін альма-матерге келеді. Сонымен қатар 2022 жылы, тұтқындалуының алдында Қайрат Сатыбалды колледжге компьютер сыныбын сыйға тартқаны да айтылды.

«МЕН МІНСІЗ ЕМЕСПІН»
Болашақ әскери мамандардың алдында сотталған олигарх өзін өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде көрсеткен.
Колледж қызметкерлерінің бірінің айтуынша, Сатыбалды жастарға:
«Бәріне бірдей ұнай алмайсың. Адамдар сенің жақсы істеріңді байқамайды, тек жаман жағын көреді. Мен мінсіз емеспін, бәріміз де адамбыз», – деген.
Еске салсақ, Қайрат Сатыбалды аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру және ақшаны заңдастыру ісі бойынша сотталған. Бостандыққа шығу үшін ол мемлекетке 783 млрд теңге көлеміндегі активтерді қайтарды. Оның ішінде стратегиялық компаниялардағы үлестер мен шетелдегі виллалар да бар.

БАЛАСЫН БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫРА МА?
Сатыбалдының жеке өміріне қатысты жанжалдар да қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Бұрынғы азаматтық жары Асылжан Есенқызы берген сұхбатында олардың отбасылық өмірінің ауыр тұстарын ашық айтқан.
Оның сөзінше, сырт көзге бақуатты көрінген отбасының ішінде жүйелі түрде физикалық зорлық болған. Есенқызы Сатыбалдыұлы өзін жүктілік кезінде де ұрып-соққанын, соның салдарынан ортақ қыздарының ауыр дертке шалдыққанын мәлімдеген.
Сондай-ақ ол олигархтың көп әйел алуын «күнәлар үшін берілген жаза» деп түсіндіргенін айтқан. Қазір, оның айтуынша, Сатыбалды бұрынғы азаматтық жарымен мүлік дауына араласып, әйел мен науқас баласын баспанасыз қалдыруға тырысып жатыр.

БАС БОСТАНДЫҒЫ ШЕКТЕЛГЕН
Бұл жағдай аясында оның ресми бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процестері де қоғам назарын аударды. Ол адам ұрлау және өз бетінше билік жүргізу баптары бойынша ұзақ мерзімге сотталған.
Қазір Қайрат Сатыбалды жазасының қалған бөлігін бостандықта, бас бостандығын шектеу режимінде өтеп жатыр. Осындай даулы беделі бар адамның мемлекеттік әскери оқу орнында курсанттармен тәрбиелік кездесу өткізуі қаншалықты орынды деген сұрақ қоғамда ашық қалып отыр.